Ағашты заңсыз кескендер 3 млн теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ағашты заңсыз кескендер 3 млн теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін

10.12.2020

Елімізде ағашты заңсыз кескендер 3 миллион теңгеге дейін айыппұл арқалауы мүмкін. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Ішкі істер министрлігімен бірігіп жазаны күшейтуді көздеп отыр. Ол үшін Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге түзетулер әзірленген. Оны Үкіметте таныстырған Мағзұм Мырзағалиев ағаш шапқандарға салынатын айыппұл мөлшері өседі дейді.   

Мәселен қылмыстың қайталануына байланысты жеке тұлғаларға 10-нан 150-ге дейін, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін 30-дан 450-ге дейін, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100-ден мың жарым айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Ал қылмыстық кодекске әзірленген түзету бойынша 40 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Құжат енді Парламентте таныстырылмақ.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:   
-Әкімшілік және қылмыстық кодекстерге өзгерістер әзірленді. Әкімшілік кодексте дискрециялық нормаларды алып тастау және құқық бұзушыларға санкцияларды ұлғайту бөлігінде өзгерістер енгізіледі. Бұдан басқа, ағаштарды заңсыз кескені үшін санкцияларды қатайту бойынша Қылмыстық кодекске өзгерістер көзделетін болады.  

Еске салайық бұған дейін Алматыда ірі сауда үйінің аумағындағы ағаштар заңсыз кесілген еді. Қазір кінәлілер анықталып, айыппұл салынған. Әрі олар кесілген ағаштардың өтеуі ретінде қала ішінде бірнеше есе көп тал егуі керек.

Досжан Маратұлы


Ағаш айыппұл

Хабарламаларға жазылу