Атыраудағы Теңіз мұнай кен орнына жалған ПТР анықтамамен кірмек болған дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп тексеру «жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» бабы бойынша жүргізілуде. Әзірге екі жұмысшыдан күмәнді құжат табылды. Олардың жергілікті тұрғын екені анықталды. Сынама нәтижесін қайдан және қалай алғаны белгісіз. «Теңізшевройл» компаниясының басшылығы жағдайды қатаң бақылауда ұстайтынын айтады. Енді, жалған анықтамамен кенішке кіруге оқталғандардың рұқсат қағазы өз күшін жояды.
Гүлнәзира Мұхтарова, облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:-Солтүстік Теңіз блок бекетінде полиция қызметкерлері медициналық анықтамалары күдік тудырған 2 жұмысшыны анықтады. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру ҚК 385-бабымен жүргізілуде. Өзге ақпарат қылмыстық процесттік кодекстің 201- бабына сай жариялауға жатпайды.
Көкшетауда тұрғын жалған ПТР анықтамасымен санитарлық бекеттен өтпек болған. Қағазда мөр де, штрих-код та болмаған. Анықтаманы өзі істеп алған сыңайлы. Енді ол санитарлық талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Хаттама толтырылды. Көкшетаудың айналасына санитарлық бекеттер қойылғалы 137 әкімшілік заңбұзу дерегі тіркелді
Жандос Темірғали