Төмен несиемен пәтер алуға көмектесеміз деп жұртты алдаған қаржы пирамидасы анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Төмен несиемен пәтер алуға көмектесеміз деп жұртты алдаған қаржы пирамидасы анықталды

09.12.2020

Қаржы пирамидалары елді алдауды әлі де жалғастырып келеді. «Отбасы мен жастарды қолдау қоры» деп аталатын ұйым әлеуметтік бағдарламаның атын жамылып 3,7 процентпен ипотекалық несие рәсімдеп баспана аласыз деп тұрғындарды қызықтырған. Алаяқтарға қатысты биыл 250-ден астам іс қозғалды. Соңғы кезде тіпті банктерден несие алып, пирамидаларға салу үрдісі белең алған.

Қаржы пирамидасының арбауына іліккендердің бірі - Шымкенттік Жамал Омарова. «INVIVO» компаниясының оңай олжа табасыз дегеніне иланып, келімшартқа қол қойған. Өзінің айтуынша, компания әйелдің атына банктен 1 миллион 450 мың теңге несие рәсімдейді. Сөйтіп, бес айдан соң бұл сома екі есе болып қайтады деп сендірген. «Алаяқтар сол күйі ізім-қайым жоқ болды», - дейді ашынған ана. 

Жамал Омарова, Шымкент қаласының тұрғыны:
Жауапқа тартылсын! Жемеген самса үшін неге төлейміз. Балаларымыздың аузынан жырып беріп. Жалғызбасты анамын. Айлығым 80 мың теңге. Маған кредит беріп жіберген. Лидерлер қамалып, кредитімізді төлесін.

Жұртты шулатқан «Гарант 24 Ломбард», «Голд компани» қаржы пирамидаларына қатысты тергеу жуырда аяқталды. Полицияға 18 мыңнан аса арыз түсіп, жәбірленушілер 22 миллиард теңге көлемінде шығынға батқан. 56 адам сот алдында жауап беріп жатыр, бесеуі әлі іздеуде. Күдіктілерден 70 миллион теңге тәркіленіп, 22 миллиард теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды.      

Уақыт өткен сайын алаяқтар адамдардан ақша алудың түрлі әдісін ойлап тауып жатыр. Олар әлеуметтік желіде де тым белсенді. Осы ретте елдің қаржылай сауатын арттыру, оңай олжа тапқысы келетіндерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды.

Ернар Оразбаев, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департамент директорының орынбасары:
Әдетте жоғары сыйақы, жаңадан қатысушыларды қосу және міндетті түрде жарнама ұсынып отырады. Егерде осындай қызмет пен ұсыныс келетін болса, онда сақ болу керек. Алаяқтар психологияны өте жақсы біледі. Азаматтардың тез уақытта оңай ақша тауып, байып кетуі ниетіне олар ойыншық ретінде қарайды. 

Мамандар қандай да бір ұсынысқа аса сақтықпен қарау керектігін ескертеді. Ең алдымен өкілетті органнан лицензиясы бар ма соған назар аударылуы керек. Егер қаржыға қатысты ұйым болса, онда қаржы агенттігінің сайтында лицензиялар және реестрі көрсетіледі. 

Оңғар Алпысбайұлы

Қаржы пирамидасы

Хабарламаларға жазылу