Микроқаржы ұйымдары несиенің пайызын қосқандағы соманы келісімшарттың бірінші бетіне жазуы керек -депутаттар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Микроқаржы ұйымдары несиенің пайызын қосқандағы соманы келісімшарттың бірінші бетіне жазуы керек -депутаттар

09.12.2020
Микроқаржы ұйымдары несиенің пайызын қосқандағы соманы келісімшарттың бірінші бетіне жазуы керек -депутаттар

Сонымен қатар, депутаттар коллекторлық  агенттіктердің жарғылық капиталын 10 млн теңге деп белгілеуді ұсынып отыр.  

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда талқыланды. Дауыс берген депутаттар бірқатар өзгерістермен бірге құжатты екінші оқылымға өткізді.

Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Альберт Рау әріптестерінің негізгі ұсыныстарын жария етті. Оның айтуынша, микроқаржы ұйымдарынан қарыз алған 300 мыңнан астам адамның қаржылай жағдайы қазір мәз емес.

«Өздеріңіз білесіздер, Президент бұрын соңды болмаған шешім қабылдап, мемлекет 500 мың азаматтың несиесін толық немесе ішінара жауып берген еді. Кейін, тұтынушы несиесі мен микроқаржы ұйымдарының несие беруіне қатысты талап күшейген. Қабылданған шаралар тұтыну несиесі саласындағы тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік берді.

Алайда, бірінші несие бюросының мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдың 1 қарашасындағы жағдайға сәйкес, микроқаржы ұйымдарынан 170 мың кәсіпкер мен 810 мың жеке тұлға жалпы сомасы 735 млрд теңге қарыз алған. Олардың 38% немесе 310 мың адам несиені уақытында төлей алмай отыр», - деп хабарлады мәжіліс отырысында депутат.

Сондықтан, олар «Микроқаржы ұйымдарының қызметі туралы» заңның 4 тарауы, 3 тармағына мынандай өзгеріс енгізуді ұсынып отыр:

Келісімшарттың мазмұны мен оны рәсімдеу үлгісіне қойылатын талапты өзгертіп, келісімшарттың бірінші бетіне несиені өтеу кестесі, несиенің пайызын қосқанда, адам барлығы неше теңге несие алып, түптеп келгенде неше теңге қайтаратыны туралы ақпаратты міндетті түрде жазылуы керек.

«Сонымен қатар, заң жобасы коллекторлық агенттіктердің жауапкершілігін арттыру үшін олардың минималды жарғылық капиталын 10 млн теңге деп бекітуді ұсынамыз. Компанияның жарғылық капиталы бизнестің жауапкершілігін сезіну үшін керек», - деді Рау.

Депутаттар заң жобасын екінші оқылымға өткізді.


ақша несие

Хабарламаларға жазылу