Ақмола облысы «сары аймаққа» енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысы «сары аймаққа» енді

08.12.2020

Осыған дейін індет өршіп қызыл аймақта болған Ақмола облысы  «сары» деңгейге ауысты. Ал, Түркістан өңірінде той- жиынның көптігінен вирус жұқтырғандар саны артып кетті. Инфекцияға шалдыққандардың арасында жүкті әйелдер де бар.  

Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар бойынша қызыл аймақта болған Ақмола облысы сары деңгейге ауысты. Себебі ауруға шалдыққандар азайған. Өткен аптада өңірде күніне орта есеппен 80-90 науқас тіркелді. Ал кеше СОVID-19 60 адамда анықталған. Дегенмен мамандар босаңсуға болмайды дейді. Облыстағы карантиндік шектеулер сақталады. Көкшетау мен Степногорск қалаларындағы санитарлық бекеттер де жұмысын жалғастыра береді.   

Ал, Түркістан облысында той-жиынның көптігінен вирус жұқтырғандардың саны артып барады. Соңғы аптада 34 науқастан індет анықталды. Оның екеуі жүкті әйел. Мобильді топтар 575 отбасылық іс-шараны анықтап, той ұйымдастырғандарға 250 млн теңгедей айыппұл салған.

Ертеңнен бастап Батыс Қазақстан облысында карантин талаптары жеңілдейді. Енді демалыс және мейрам күндері сауда үйлері ашық болады, автобустар да қатынайды. Дегенмен кейбір шектеулер сақталады. Атап айтқанда, көшеде 5 адамнан артық жиналуға болмайды, мейрамхана, дәмханалардағы адам саны 50-ден аспауы тиіс.   

Алматы облысында да 10 желтоқсаннан бастап карантиндік шаралар жеңілдетіледі. Демалыс күндері ойын-сауық кешендеріне және кинотеатрларға жұмыс істеуге рұқсат берілмек. Бірақ көрермендер саны 30 проценттен аспауы тиіс. Өңірдің бас санитарлық дәрігері жаңа жылдық шаралар мен корпоративтік жиындарды өткізуге қатаң тыйым салды.

Жандос Темірғали     


Ақмола облысы сары аймақ

Хабарламаларға жазылу