Басты Жаңалықтар Бақытжан Сағынтаев: Індетпен күрес – басты міндет

Бақытжан Сағынтаев: Індетпен күрес – басты міндет

Әлемдік пандемияға қарамастан, Алматыда өнеркәсіп, байланыс, құрылыс, ең алдымен, тұрғын үй саласында экономикалық өсім бар. Әкімдік дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жұмыс орны мен азаматтардың табыс көзін сақтауға бағыттап отыр. Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз жиынында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуын баяндады. Сондай-ақ коронавируспен күрес бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.   

Қала әкімінің сөзінше, COVID-19-ға қарсы күрес үшін Алматыға республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 100 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.  Пандемия кезеңінде шаћарда инфекциялық үш стационар қысқа мерзімде тұрғызылып, пайдаланылуға берілген.  

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:  
-Бүгінде пандемияның екінші толқынына 7011 орындық, оның ішінде 250 реанимациялық орындық 23 ковидтік клиника дайындалған. Бұған қоса 1000 -ға жуық карантиндік орындар дайындалған. Ол негізінен қонақ үй, пансионаттарда орналасқан.  

Ковид кезінде Алматы экономикасын құлдыратпау маңызды міндет болды. Қаржылық қиындықтарға қарамастан, қала қазынасына түскен салықтар мен төлемдер 1 пайызға артық жиналған. 77 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Бір ғана «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 102 млрд теңгеге 500-ден астам жобаға қолдау көрсетілген.  

Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:  
-Қалада шағын және орта бизнесті қолдау және экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша дағдарысқа қарсы шаралар жүйелі түрде іске асуда. Жыл соңына дейін 1200-ден астам кәсіпкер 376 млн теңгеге мемлекеттік нысандарды жалдау ақысын төлеуден босатылды. Сондай-ақ 75 мың кәсіпкердің 23 млрд теңгеге салықтық төлемдері кейінге шегерілді.  

Тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж жандар да әлеуметтік қолдаудан қағылған жоқ. Көпбалалы отбасылардан шыққан 888 адамға 555 мың теңгеге дейін қайтарымсыз қаржы берілген. Сондай-ақ үздік бизнес жоба ұсынып, өз кәсібін ашуға ниетті 200 көпбалалы ана 5 млн теңгеге дейін гранттар ұтып алған. Бұл мақсатта қала бюджетінен 400 млн теңге бөлінді.  


Жазира Оразқызы, Раушан Сайлауқызы 


Бөлісу