Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның отырысы өтті

03.12.2020

Елордада саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Қарашаның 24-де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойған еді. Комиссия құрамында Президент Әкімшілігі мен Үкіметінің өкілдері, депутаттар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен ғалымдар бар.  

Комиссия құрамындағы 50-ге тарта адам материалдарға жан-жақты әрі кешенді зерделеу жүргізген соң қуғын-сүргін құрбандарын саяси ақтау жоспарланып отыр. Ол үшін методологиялық комиссия ашылып, жұмыс топтары құрылады. Архивтер зерттеліп, жергілікті мұрағаттар тексеріледі. Сайт ашылып, әлеуметтік желілерде қарқынды жұмыс жүргізіледі.

Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы:   
-Алдымызда аса ауқымды міндеттер, күрмеуі шешуді қажет ететін күрделі мәселелер тұр. Бұл іске баршаңызды байыптылықпен және барша жауапкершілікпен қарауды сұраймыз.  

Ашаршылық және репрессия құрбандары туралы статистика әлі де нақтылауды қажет етеді. Қазір мәліміттер үш миллион деп көрсетілуде. Алайда, қазаққа жасалған озбырлықтың зардабы одан көп болуы мүмкін. Боздақтарды ақтап алуға әр азаматтың ат салысқаны дұрыс.

Сабыр Қасымов, «Каһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті: 
-Халық жауы деп, шпион деп, ойға келмейтін қылмыстармен айыптап сотталғандарды біз өзіміз азамат болайық десек, құқықты мемлекет болайық десек осылардың бәрін қайта қарауымыз керек.  
Зиябек Қабылдинов, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры: 
-Ақталмай қалған азаматтарымыздың қылмыстық істері тек қана Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында емес, облыс орталықтарында да бар. Біздің ойымызша, 20-50 жылдарда қуғын-сүргін болған кезде байлардың біраз топтары ақталған жоқ, екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен азаматтардың біразы ақталмай қалды. 

Басты міндет – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру.

Фариза Мұсақызы 


Қуғын-сүргін құрбандары

Хабарламаларға жазылу