Түркістан облысының тұрғындары карантиндік шектеулерге қарамастан, көкпар ұйымдастыруды тоқтатпай отыр. Полицейлер кезекті рейдтік шаралары барысында Төлеби ауданында көкпар ойынын тоқтатып,оған қатысушыларды тарқатты.
Қаратөбе ауылында өткен көкпарға бас-аяғы 70 адам қатысқаны анықталды. Жергілікті тұрғын жаңа нәрестесінің дүниеге келуіне орай «Бата көкпар» өткізіп, халықты жинаған болып шықты. Тәртіп сақшылары көкпарға қатысушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түгел үйлеріне тарқатты. Ал, карантин кезінде көкпар ұйымдастырған азамат енді заң талаптарына сай айыппұл төлейтін болды. Айта кетейік, бұған дейін облыстың өзге аудан-қалаларында да көкпар ойыны тоқтатылып келеді. Бірақ соған қарамастан осы Төлеби мен Отырар аудандарында және Кентау қаласында көкпар ұйымдастырушылар тиісті талаптарға бағынбай тұр.
Мерей Сәтпаев, Түркістан облыстық ЖПҚ басқармасының аға инспекторы:- Карантин режимін бұзған көкпар ұйымдастырушыны Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 425-бабымен оған қатысты іс құжаттар жинақталып, құзырлы органға жіберілді.