Қарағанды, Алматы мен Шымкентте кәсіпкерлік нысандарына рейд жүргізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды, Алматы мен Шымкентте кәсіпкерлік нысандарына рейд жүргізілді

30.11.2020

Қауіпті індетке қарамастан санитарлық талапты өрескел бұзу тыйылмай тұр. Еліміздің кей өңірлерінде эпидахуал ушығып барады, сондықтан мобильді топтар күн сайын рейдке шығып, карантин талаптарын бұзғандарды анықтап жатыр.  

Қарағандыдағы дәмхана би кешін ұйымдастырып, санитарлық талапты өрескел бұзған. Келушілердің басым көпшілігінде бетперде жоқ, ал әлеуметтік арақашықтық туралы айтудың өзі артық. Шектеулерге бағынбағандарды анықтау үшін өңірде 168 мобильді топ күн сайын рейдке шығады. Көбіне мейрамхана мен дәмханаларда және түнгі клубтарда заң бұзу деректері жиі кездеседі.   

Алматыда бір апта ішінде карантин талаптарын бұзған 36 нысанға айыппұл салынды. Қаладағы мониторингтік топтар 184 мекемені тексеріп шыққан. Кәсіпкерлік нысандардың көбінде залалсыздандырғыш заттар жоқ. Әлеуметтік арақашықтық, бетперде режимі мен белгіленген жұмыс уақыты сақталмаған. Сондай-ақ, осындай ескертулерді бірнеше мәрте бұзғандар да анықталып, 4 материал сотқа жіберілген.

Ал, Шымкентте 40-қа жуық адамды жинап ас берген отбасы айыппұл арқалады. Мұны кезекті рейдке шыққан мобильді топ мүшелері байқап қалып, карантин талаптарын бұзған кафе қожайынына айыппұл салды. Сондай-ақ 11 жарым болғанына қарамастан жұмыс істеген тағы бір дәмхана иесі жазаға тартылды.

Руслан Нұрланұлы


кәсіпкерлік нысан рейд

Хабарламаларға жазылу