Алматыда мемлекеттік бағдарламалар аясында баспаналы болған жас мамандар қатары көбейіп келеді. Мәселен, биылдың өзінде «Алматы жастары 3.0» жеңілдетілген несие беру бастамасы арқылы 890 адам пәтер алған. Бағдарламаның тиімді тұсы - қатысушыларға 5 пайызбен 13 млн теңгеге дейін тұрғын үй қарызы беріледі. Әр адамның өз қалауына сай пәтер таңдауына мүмкіндігі бар.
Аяжан Мұхтар - «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы 2 бөлмелі пәтер алып, қуанышы қойнына сыймай жүргендердің бірі. Жаңа қонысына әлі көшіп те үлгермеген. Жас маман мегаполистегі мектептердің бірінде математика пәнінен сабақ береді. Білікті ұстаз осындай игілікті бағдарламаның арқасында үйлі болғанын жетістікке балап отыр.
Аяжан Мұхтар, математика пәнінің мұғалімі:«Алматы жастары» бағдарламасы - жас мамандарға үлкен мүмкіндік. Себебі, қаладан үй ала салу қиын.
Бағдарлама аясында наурыз бен қыркүйек аралығында 3 рет байқау өткізілді. Жеңілдетілген несие алу үшін 10 мыңнан астам адамнан өтініш түскен. Жоба талаптарына сай келмеген 7 мыңы кері қайтарылды. Ал 890 маман бағдарлама арқасында баспаналы болған.
Ғалымжан Әбдішүкірұлы, қалалық тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы:«Алматы жастары 3.0» арқылы биыл 1 мың адамды қамту жоспарланған. Өтініштер мен құжаттар қабылдау толық автоматтандырылған. Сайтта өтініштерді қабылдау ЭЦП арқылы іске асырылады.
Қала әкімінің тапсырмасымен бағдарламадан Алматы қаласында тұрақты тіркеуде болу талабы алынып тасталды. Осының арқасында жеңілдетілген несие алуға үміттілер қатары еселеп артты. Тұрғын үй саясаты басқармасының мәліметінше, баспана алуға мүмкіндік беретін бағдарлама келесі жылы да жалғасады деп жоспарланып отыр.
Жазира Оразқызы