Алматыда ағаштарды заңсыз кескен басты күдікті анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда ағаштарды заңсыз кескен басты күдікті анықталды

26.11.2020

Алматыда сауда үйінің аумағында заңсыз ағаш кесу қылмысына қатысы бар басты күдікті анықталды. Полицейлер қазір барлық заң бұзушыны анықтау үшін тергеу жұмыстарын жалғастыруда. Сонымен қатар, оталған емен ағаштары үшін полицейлер де жазалануы мүмкін. 

Оқиға болған күні куәгерлер әлеуметтік желіде видео жариялап, бұл жағдайға полицейлердің еш әрекет етпегенін айтқан. Осыған орай қалалық ішкі істер басқармасы қызметкерлерге жаза қолданылу мүмкін екендігін мәлімдеді.

Рүстам Әбдірахманов, қалалық ІІД басшысының орынбасары: 
-Біз сол түні қашықтан басқару пультіне түскен барлық қоңырауды мұқият тексереміз. Егер полицейлердің кінәсі анықталса, оларды жұмыстан босатуға дейін қатаң шара қолданылады.

Полиция басқармасы қылмысқа қатысы барларды түгел анықтаймыз деді. Ал қолға түскен басты күдікті сауда үйінің аумағын абаттандыру үшін келісімшартқа отырып, 10-ға жуық жұмысшы жалдаған. Ал оталған 13 ағаштың 9-ы қызыл кітапқа енген.

Наталья Ливинская, қалалық жасыл экономика басқармасының басшысы: 
-Оқиға орнына арнайы мамандар жіберіліп, тексеру жүргізілді. Бұл – ағаштардың сирек кездесетін әрі азайып бара жатқан түрі екені анықталды. Қазір жойылып кетудің алдында тұр.

Сауда үйі де жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Себебі, аумақты абаттандыру бойынша келісімшарт осы компаниямен жасалған. Дегенмен, Sulpak өкілдері мердігер ұйым жалға берілмеген аумақтағы ағаштарды кесті деп, кінәні жұмысшыларға тағып отыр. Компания қала аумағында әкімдікпен келісілген мерзім ішінде 500 ағаш отырғызу туралы шешім қабылдаған.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:  
-Бүгін қалалық әкімдік өкілдері, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары сауда үйінің жанында оталған ағаштардың орнына 30-жуық көпжылдық емен ағаштарын отырғызып жатыр. Көріп тұрғандарыңыздай ағаштардың биіктігі кемінде 4 метр. Алайда бұл бастама оталған ағаштардың орнын толтыру тізіміне кірмейді.

Ағаштарды заңсыз кескені үшін қатаң жаза қолданылып, көпшіліктің ашуын туғызғанына қарамастан осыған ұқсас жағдай тағы қайталанды. Кеше қаладағы тамақтану орнының ғимаратында жұмысшылар 4 қара ағашты отап жатқан видео желілерде жарияланды. Қалалық жасыл экономика басқармасы оларға ешқандай рұқсат берілмеді дейді. Ал жер учаскесінің иесі 41 мың теңге айыппұл арқалап, 40 ағаш көшетін отырғызуға міндеттелді.

Нұрхан Нұрланұлы

 

Алматы ағаштарды заңсыз кесу күдікті

Хабарламаларға жазылу