Қазақстаннан шыққан журналист, кино режиссері Алина Мұстафинаның үлкен ұлы Андерге арнаған деректі фильмі Катар астанасы Дохада өткен Ajyalfilm деректі фильмдер фестивалінде бас жүлдеге ие болды.
Бұл туралы Алина Мұстафина өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында, сондай-ақ, Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады.
Алина Мұстафинаның Андер есімді ұлы қазір бес жаста. Бұған дейін Алина жеке парақшасында ұлының ауыр диагнозы туралы жазған еді.
«Менің ұлымның сүт өнімдеріне қатты аллергиясы бар. Аллергия туралы алғаш рет алты айында білдік. Сүттің кез келген түрі, сүт қосылған тамақ қатты аллергия беріп, балам тіпті анафилактикалық шок алады. Кезінде комаға да түскен, жасанды тыныс алу аппаратында да жатқан. Қазақстанда жүргенде төрт жасына дейін баламның балабақшасына барып, өзім жеке тамақтандыратынмын, дәрі-дәрмегін ұстап, сыртта күтетінмін. Өйткені, балам білмей сүт қосылған тамақ ішіп қоя ма деп қатты қорқатынмын. Қазір Катарда балам жеке тамақ ішеді», - деп жазған еді Алина кезінде.
Баласының осы ауыр аллергиясы туралы фильм түсірген Алина туындысын бірнеше халықаралық байқауларға ұсынған. Жаз мезгілінде карантин салдарынан бірнеше елдегі шараға бара алмаған. Енді міне, Катарда «Андер» деректі фильмі фестивалдің үздік картинасы атанып отыр.