Түркістан облысында 42 балабақша жабылып қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 42 балабақша жабылып қалуы мүмкін

25.11.2020

Түркістан облысында 42 балабақша жабылуы мүмкін. Себебі мектепке дейінгі мекемелер екі айдан бері субсидия ала алмай, күнкөріссіз қалған. Енді мың екі жүзден аса адам жұмысынан айырылмақ.  

Кентау қаласындағы жекеменшік 42 балабақшаның құрылтайшылары мен тәрбиешілері бүгін әкімдіктің алдына жиналды. Соңғы екі айдан бері жалақы алмаған қызметкерлер жағдайлары тығырыққа тірелгенін айтады.

Исабек Құралбай, тәрбиеші:   
- Мені квартирадан қуып жатыр, оған отыз мың теңге төлеймін. 42500 теңге айлық аламын. Соның өзін бермей қойды. Қиналып жатқанымызға 3 ай болды. 
Гүлмира Амалбекова, тәрбиеші: 
-Үйде бір өзім жұмыс істеймін. Күнделікті тамаққа да ақшамыз қалмады.  

Жеке меншік балабақшалардың құрылтайшыларының айтуынша білім бөлімінің жыл басында бөбекжайламен 12 айға емес, 9 айға ғана келісім жасасқан. Ал, қалған айға қаржы беруді тоқтатып қойыпты. Қазір ата-аналардан түскен ақшамен амалдап отырмыз дейді.

  Өтепберген Атажанов , жекеменшік балабақшаның құрылтайшысы: 
- Біздің қазір қаражатымыз тек қана көмір, кезекші топтар ұстап отырмыз. Олардың коммуналдық шығыны, тамағы бар барлығын өзіміздің қалтамыздан төлеп отырмыз.  

Шағымданып келгендермен салаға жауапты басшылар мен қала әкімі арнайы кездесті. Жергілікті билік не себепті келісім шартты бір жылға емес, тоғыз айға жасағанын ашып түсіндірді. Айуларынша, бюджетте он екі айға беретін қаражат болмаған. Қазір балабақшаларға төлейтін қарыздың көлемі 350 млн теңгеге жеткен.

Баянғали Жұмабаев, Кентау қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:   
- Біз қызметкерлерге қазан айына 87 млн теңгені төлеп береміз. Қалған екі айдың айлығын желтоқсан айындағы бюджетті нақтылауда қаржы қарастырып, төлеп беруге жұмыс жасап жатырмыз. Желтоқсан айының соңына дейін қарызсыз шығуға тырысамыз.  

350 миллион теңгені қала облыстан сұрамақ. Ал, жекеменшік балабақшалардың құрылтайшылары қарыз төленбесе мектепке дейінгі мекемелерді тегіс жабуға бекініп отыр.

Айнұр Ақбаева 


Түркістан облысы балабақша

Хабарламаларға жазылу