Шығыс Қазақстанда сүт өндірісі екі есеге артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда сүт өндірісі екі есеге артты

25.11.2020

Шығыс Қазақстанда тауарлы-сүт фермалары көбейіп келеді. Сүтті бағыттағы мал басын көбейтіп, сүт индустриясын өркендету үшін өңірде 5 жыл бұрын кешенді бағдарлама қабылданған. Осы жобаға сәйкес, облыста бірқатар тауарлы-сүт ферма қайта жөндеуден өтті, жаңалары ашылды. Сонымен қатар, сүт қабылдау пунктерінің санын көбейту арқылы сүт өңдейтін кәсіпорындардың қуаты артты. 

Шығыс Қазақстан елімізде сүт өндіруден көш басында. Бүгінде өңірде 70-ке жуық тауарлы сүт фермасы бар. Солардың бірі Көкпекті ауданында орналасқан. Облыс әкімі Даниал Ахметовтың қолдауымен егін және мал шаруашылығында тәжірибесі мол азаматтар соңғы жылдары сүт өндірісіне де мықтап ден қойды.  

Ержан Қойгелдин, «Өрнек» ЖШС директоры:
-Сүт жолын таңдағанымыз, ол енді күнделікті ақша. Қанша жылдан бері «Восток Молоко» зауытымен жұмыс істейміз, олар қысы-жазы сүтімізді алып отырады. Сондықтан малдың санын, сапасын көбейтейік деген жобамен келе жатырмыз. Биыл Германиядан асыл тұқымды 192 құнажын әкелдік. Осы симментал тұқымын таңдадық. Сүтті де, етті де береді. 

Жыл басынан бері Шығыстағы тауарлы сүт фермалар 85 мың тонна сүт өндірді. Жылдың соңына дейін көрсеткішті 100 мыңға жеткізу көзделген. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Осы бағытта жұмыс жанданған соң ауылға жастар да тартыла бастады. 

Амангелді Ескендіров, Преображенка ауылының тұрғыны: 
-Бізде міне ағаларымыз бастап, жол көрсетіп отыр. Біз сол кісілердің айтқанымен ауылға келіп отырмыз. Бұрыннан ауылда өскеннен кейін, ауыл өзімізге үйреншікті.

Сүт индустриясының дамуын облыс әкімі жіті қадағалап отыр. Аймақ басшысының бастамасымен өңірде сүт қабылдайтын пунктер де көбейді. Сүт өңдеу зауыттары мол шикізатпен қамтылып, өндіріс көлемін арттырды.

Берік Көшербай

Шығыс Қазақстан сүт өндірісі

Хабарламаларға жазылу