Әлеуметтік желіде Солтүстік Қазақстан облысының аумағында инстаграм-блогерлер арасында тур өтетіндігі туралы ақпар тарап, қызу талқыға түскен.
Құны 4,1 млн теңге болатын ақпараттық тур 4 блогер арасында ұйымдастырылатындығы жөнінде және олардың жазылушылар санына қатысты белгілі бір шарттары да айтылған. СҚО коронавирустың таралуы бойынша қызыл аймаққа енген кезде реанимациялық төсек дайындаудың орнына, әкімдік блог-турға 4,1 млн теңге қаражат бөлгенін көпшілік сынады.
Таратылған ақпаратта қатысушыларға тамақтану жағы тегін әрі аңшылық пен балық аулау ұйымдастырылып, жол ақысы мен қонай үй бағасы төленетіні жөнінде көрсетілген.
Ал, блогерлер арнайы фото жасап, пост жасауы тиіс болған. Осы оқиғаға байланысты «Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы» КММ әлеуметтік желіде түсінік беріп, тур өтпейтінін жазды.
«СҚО аумағында туристік бағытты дамыту үшін жыл басында қысқы демалысты әлеуметтік желі арқылы насихаттау жоспарланған болатын. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты тур өтпейтін болды», - делінген басқарманың жазбасында.