Шығыс Қазақстанда жалақы алмаған жұмысшылардың мәселесі шешілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда жалақы алмаған жұмысшылардың мәселесі шешілді

24.11.2020

Шығыс Қазақстанда Алтай ауданында Тұрғысын ГЭС-тің құрылысына ат салысқан 161 жұмысшы алдындағы жалақы бойынша берешек бүгіннен бастап төлене бастады. Еңбек инспекциясы зейнетақы және әлеуметтік төлемдердің дұрыс аударылуын қадағалауда.  

Алтай ауданында тұрғызылып жатқан стратегиялық нысанның құрылыс жұмыстарына қатысқан жұмысшыларға 31 млн теңге қарыз төлене бастады. Жергілікті атқарушы органдардың араласуынан кейін мәселенің шешімі табылды.  

Қалау Баймұхамбетов, ГЭС салуға тапсырыс беруші компания директоры: 
-Тапсырыс беруші компанияның құрылтайшысы өз ақшасынан қаржылай қолдау көрсетемін деп отыр. 

«Тұрғысын» гидро-электр станциясының құрылысы 5 жыл бұрын басталған. Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатовтың айтуынша қарыздың қордаланып қалуының объективті себептері бар.  

Бақытбек Қизатов, ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы: 
-Бүгінгі күні пандемияға және шектеу шараларына байланысты жұмыстар тоқтатылды. Шектеулерге байланысты жабдықтар бойынша іске қосу-жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мамандар келе алмады. Сондықтан жұмыстар тоқтап тұрды. Ал қазір мәселе толық шешілді. Барлығы бақылауда болады.  

Жергілікті атқарушы орган өкілдері болашақта мұндай мәселенің қайталанбауын бақылауда ұстайтындарын жеткізді.

Оңғар Алпысбайұлы, Берік Көшербай 


Шығыс Қазақстан жалақы жұмысшы

Хабарламаларға жазылу