Әлемде коронавирус пандемиясы күшейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус пандемиясы күшейіп келеді

24.11.2020

Пандемия күшейсе де Жапония келесі жылы Токио Олимпиадасын өткізе алатынын мәлімдеді. Ал, Қытайда эпидемия қаупіне байланысты миллиондаған адам коронавирусқа тесттен өткізілді. АҚШ-та госпитальдің жеті қабаты «ковид» жұқтырғандарды емдейтін орынға айналса, Испанияда корольдің өзі карантинге жабылып отыр. 

Қытайда коронавирустың аз ғана өршуі ауқымды эпидемияға айналып кетпеуі үшін миллиондаған адам тесттен өткізілді. Оған Шанхайда 17 мыңнан астам, ал Тяньцзиньде 2 миллион 300 мыңдай тұрғын қатысқан. 

Ал, АҚШ-та пандемия тіпті күшейеді деген қауіп бар. Өйткені, биліктің ескертуіне қарамастан миллиондаған америкалық бейсенбі күні Алғыс айту мерекесін тойлау үшін жолға шықты. Елде коронавирус пациенттерінің көбейгені сонша, елдің Небраска штатының Омаха қаласының госпиталінде өзге науқастарды қабылдауға орын табу қиындап барады.

Марк Рупп, Небраска университеті медициналық орталығының профессоры:
-Небраскада «Ковид-19» инфекциясы адамнан адамға тез тарап жатыр. Сондықтан, госпитальдің бір емес, жеті қабатын коронавирус жұқтырғандарды емдейтін орынға айналдырдық. 

АҚШ-та коронавирус 12 миллионнан астам адамнан табылып, 260 мыңға жуығы қайтыс болды.

Ал, Испанияда мұндай науқастардың саны 1 миллион 600 мыңға жетті. Сол пациенттердің бірімен байланысты болғаны үшін король Фелип алтыншы 10-күндік карантинге жабылды. Ресейде өткен тәулікте «Ковид-19» инфекциясынан 491 адам қайтыс болып, 24300-ден астамы жұқтырды. Мәскеу пандемияны тезірек тежеу үшін алдағы жылы 1 миллион доза Sputnik V вакцинасын шығарып, оны бәсекелестерінен арзан бағаға сататынын мәлімдеп отыр. 

Ал, Ұлыбританияда ұлттық карантин желтоқсанның 2-де аяқталғанымен, шектеу шаралары кейбір аудандарда келесі жылдың сәуіріне дейін сақталады. 

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:
-Осылайша, біз аймақтық көпдеңгейлі тәсілге оралайын деп отырмыз. Яғни, «ковидке» қарсы қатаң шаралар вирус кең тараған аудандарда ғана қолданылады. 

Ал, Малайзияда бес саусақты қолғап шығаратын 28 фабрика жабылатын болды. Өйткені оларда 2500-ге жуық адамнан «ковид» табылған. Айта кетсек, «Бас қолғап» компаниясы - әлем бойынша осы өнімді өндіретін ең ірі кәсіпорын. Оның Малайзиядағы 41 фабрикасында непалдық және жергілікті жұмысшылар тар жатақханаларда тұрып, бір-біріне вирус жұқтырды деген болжам бар.

Арыстан Рысбек

Әлем коронавирус пандемия

Хабарламаларға жазылу