Жемқорлықтың ескерткішіне айналған ЛРТ-ның орнына неге ауылға спорт алаңдары салынбайды - депутат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жемқорлықтың ескерткішіне айналған ЛРТ-ның орнына неге ауылға спорт алаңдары салынбайды - депутат

24.11.2020
Жемқорлықтың ескерткішіне айналған ЛРТ-ның орнына неге ауылға спорт алаңдары салынбайды - депутат

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбинов елорда маңындағы 25 мыңнан 80 мыңға дейінгі тұрғыны бар ауылдарда әлі күнге дейін спортзалдар мен мәдениет ошағы салынбағанын айтып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. 

Оның айтунша, спорт – қарсыласын құрметтей білуді үйрететін тәрбие көзі. 

«Жеңіс пен жеңілістің дәмін татпаған, спортпен шынықпаған, тәрбиесі кем болған жасөспірім рухани да, физикалық тұрғыдан да нашар, өзіне сенімсіз, осал болады. Өзі сияқтылардан топ құрып, қалтасына пышақ салып, қылмысқа баруының бір себебі де осы. Қараңғыда топталып көше кезбей, құрдастарымен бірге көкпар тартып, боз кілемде күресіп, алаңда футбол ойнап, спорттың ащы терін татқан бозбала қылмыскер болмас еді. Осыны біздің әлеуметтік және білім беру саласы ұмытқан сияқты», - дейді Дүйсенбинов.

Депутат осы мәселелерге ішкі миграция толқынына ілесе алмай, азаматтарымыздың әлеуметтік сұранысына дер кезінде жауап бере алмай келе жатқан жергілікті әкімдіктерден бастап Үкіметтің назарын аударуды жөн көргенін алға тартады. 

«Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы жемқорлықтың ескерткішіне айналған, құны 2 млрд долларлық «ЛРТ» жобасын жоспарлауға жеткен Үкіметтің ақылы неге ауылға керек шағын, қолжетімді спорт залдары мен алаңдарын салуға жетпейді?! Немесе Ақмола облысы Шортанды қаласындағы құны 30 млрд-ты құрайтын, көпшілікке керегі жоқ, бүгінде қаңырап бос тұрған шаңғы трамплиннің орнына қазақ баласына керек, ұлттық спортты жандандыратын жүздеген қысқы жабық ат манеждерін салуға болмасқа?», - деді Берік Дүйсенбинов.

Осы айтылғандарды ескере отырып депутаттар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент агломерацияларының және облыс орталықтарын қоршаған ірі елді мекендердің даму концепциясын қайта қарауды, ұлттық мүддені ескеріп және жергілікті тұрғындармен ақылдаса отырып, қала маңына орналасқан халық саны көбейіп келе жатқан ауылдарды қолжетімді, пайдалануға ыңғайлы, қарапайым мәдени және спорт обьектілерімен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасын қабылдауды ұсынды.


мәжіліс депутаттық сауал

Хабарламаларға жазылу