Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату туралы келісім жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату туралы келісім жасалды

10.11.2020

Әзірбайжан, Армения және Ресей Таулы Қарабақтағы әскери жанжалды тоқтату туралы келісімге қол қойды. Кездесу виртуалды режимде өтіп, оған Владимир Путин мен Ильхам Әлиев және Армения премьері Никол Пашинян қатысты. 

Үшжақты пәтуаға сәйкес, Әзірбайжан соңғы бір жарым айда басып алған барлық аумақтарды өз қарамағында қалдырады. Армения қарашаның 20-на дейін Агдам, Кельбаджар, Лачин аудандарын Бакуге қайтаруы тиіс. Дегенмен, Таулы Қарабақтың өз ішіндегі армян елді мекендері Әзірбайжанға берілмейді. Жаңа келісім аясында, Ресей Таулы Қарабаққа 1960 жауынгерлік бітімгер контингент шоғырландырады. Айта кетсек, дүйсенбінің өзінде Әзірбайжан армиясы 48 ауылды қайтарды. 

Армения премьері өзге бір шешімге мүмкіндігі қалмағанын мойындаса да, «жеңбедік те, жеңілмедік те» деп мәлімдеді. Ереванда мыңдаған адам үкімет үйінің алдына жиналып, «Жер бермейміз!» деп ұрандатып жатыр.  

 Ал, Бакуде үлкен мереке. Қала тұрғындары соғыстың аяқталғанын тойлап, Армения жеңілді деп шаттанып көшеге шықты.

Арыстан Рысбек


Әзірбайжан Армения Таулы Қарабақ

Хабарламаларға жазылу