Бірнеше облыста шектеу шаралары күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бірнеше облыста шектеу шаралары күшейтілді

09.11.2020

Вирустың таралуы күш алған соң, Павлодар облысы бүгіннен бастап қауіпті аймақтардың қатарына кірді. Павлодармен қоса солтүстікте Петропавл қаласы да карантинге жабылып, блок-бекеттерде тексеру күшейді. Сондай-ақ, Қостанай, Ақмола облыстарында шектеу шаралары енгізілді.   

Бұл тоғыз жолдың торабындағы Ленинск блок-бекеті. Осы жерден көршілес Ресейдің үш аймағына және Шығыс Қазақстан облысына баратын күре жолға түсуге болады. Тәулікке жуық уақыт ішінде мыңнан аса көлік өтті, кептеліс жоқ. 

Осылайша карантиннің алғашқы күні Павлодар облысы аумағында орнатылған 12 бекеттен 100-ден аса көлік кері қайтарылды. Негізі қалаға кіріп-шығу үшін жолаушылардың қолында анықтама құжаттары болуы керек. Ал, үш күннен кейін өткізу пункті электронды мәліметтер бойынша ғана рұқсат береді.               

Петропалға кіретін жолдарда да полиция қызметкерлері кезекшілік атқаруда. Шаһар аумағынан өтетін транзиттік жүк көліктерінің жүргізушілерінде ПТР-тест болмаса, екі күнге карантинге жатқызылып, сынама тапсырады. Бақылау автожолдарда ғана емес, темір жолда да күшейтілді. Бүгіннен бастап Алматы- Петропавл бағытындағы жолаушылар пойызы аптасына 3 рет қана қатынайды. Олыстағы 8 ауданның 11 елді мекені карантинге жабылған. 

Қостанайға кіретін көліктер блок-бекеттерде жіті тексерілуде. Елді мекендерде кешкі 9-дан таңғы 6-ға дейін адамдардың жүріп-тұруына тиым салынды. Қоғамдық көліктер тек кешкі сағат 8-ге дейін ғана жүреді. 

Ал, Көкшетауда демалыс күндері санитарлық бекеттер қойылып, қалаға кіріп-шыққандар тексерілуде. Науқаспен байланыста болған немесе карантиндегі азаматтардың қозғалысы COVID-19 қосымшасы арқылы қатаң бақыланады. 

Болат Аманбаев   



облыс шектеу шаралары

Хабарламаларға жазылу