Шанақ нөмірін тексермеу көлік ұрлығының көбеюіне әкеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шанақ нөмірін тексермеу көлік ұрлығының көбеюіне әкеледі

03.11.2020

Елімізде көлік ұрлығы өршіп тұр. 2018 жылдан бастап 5100-ден астам авто көлік жоғалған. Оның тек 1900-і табылып, иелеріне қайтарылды. Өзгесі әлі іздестірілуде. Бұл проблеманы Мәжіліс депутаттары да көтеріп, Үкіметке сауал жолдаған. Олардың пайымынша көлікті қайта тіркеу ережесіне өзгерістер енгізу керек.  

2018 жылдан бастап Қазақстанда қайта тіркелетін көліктердің шанақ нөмірі тексерілмейді. Парламент депутаты келтірген статистикаға сүйенсек осы кезден бастап жоғалған көліктерді табу көрсеткіші күрт кеміп кеткен. 2018 жылы 1900 көліктің 1000-ы, 2019 жылы мың жарым көліктің 700-ге жуығы, ал биыл 8 айда жоғалған 1700 көліктің 238-і ғана табылған.  

Яғни кәнігі қылмыскерлер тозған, жөндеуге келмейтін немесе өртеніп кеткен көліктердің мемлекеттік нөмірін ұрланған көлікке тағып, техникалық құжатын пайдаланып жүре береді. Ал ішкі істер министрлігінің берген сандары мүлдем басқа. Олардың айтқаны депутаттардың дерегіне кереғар.

Құдияр Нұрсейітов, ҚР ІІМ криминалды полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі: 
-Соңғы 5 жылда көлік ұрлығын тіркеу деректері 21 пайызға азайғандығы және оның ашылуы 12 пайызға жақсарғандығы көрсетілуде. Сонымен қатар айдап әкету де 36 пайызға төмендеген. Оның ашылуы 8 пайызға жақсарған.  

Шанақ нөмірін тексеруді алып тастау мемлекеттік қызметті электронды ұсыну үшін жасалған. Яғни, электронды үкімет порталы арқылы үйде отырып-ақ автокөлігіңізді есептен шығару немесе қайта тіркеуге болады. Дегенмен бұл көліктің шанақ нөмірі мүлде тексерілмейде дегенді білдірмейді.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:  
- Ішкі істер органдарының қызметкерлері көше жол тораптарында жол жүрісін қадағалау кезінде егер де автокөліктің жол жүрісін бұзғаны жөнінде автокөлікті анықтаған кезде ол нөмірлік белгілерді тексеруге құқығы бар. Егер де тексеру барысында сәйкессіздік байқалатын болса, яғни техникалық құжат пен автокөліктің нөмірлік белгілерінің сәйкес келмеуі анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.  

Іздеуде жүрген көліктермен ұқсас маркалы машиналар да көшеде тоқтатылып, шанақ нөмірі тексерілуі мүмкін. Ал, оны заңсыз өзгерткендер қылмыстық жазаға тартылады. Мәжіліс депутаттары осындай қиындықтардың алдын алу үшін қайта тіркеу кезінде шанақ нөмірін тексеруді бастау керек деп отыр.

Оңғар Алпысбайұлы


Шанақ нөмірі көлік ұрлығы

Хабарламаларға жазылу