Қазақстан эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты шекарадағы қауіпсіздікті күшейтетін болды. Ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізген Асқар Мамин осылай деді. Қазір Ковид-19 вирусын жұқтырғандардың саны күніне 0,4 пайызға өсіп жатыр. Инфекциялық ауруханалар 22, реанимациялар 18 пайызға толған. Осыны ескере келе Қазақстанда тұруға ыхтияр хаты барлар мен Қазақстан азаматтарының отбасы мүшелеріне шекарадан 30 күнде емес 90 күнде бір өтуге рұқсат етіледі. Мамыр айына дейін 57 елмен визасыз режимді тоқтата тұру туралы шешім қабылданды. Қытай мен Үндістан азаматтарының 72 сағаттық визасыз режимі де жыл соңына дейін тоқтатылады. Сондай-ақ 9 қарашадан бастап Түркия мен арадағы рейс 33-тен аптасына 20 рейске дейін қысқартылады.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
-Қазіргі таңда вирустың таралуына байланысты әлемдегі жағдай өте күрделі болып тұр. Еліміздің бірнеше өңірлерінде вирусты жұқтырғандардың саны өсуде. Сондықтан, өңірлерде карантиндік шараларды күшейту және жалпы еліміздегі санитарлық эпидемиологиялық жағдайды қатаң бақылауға алу, вирустың таралуына жол бермеу аса маңызды міндет болып табылады.
Оңғар Алпысбайұлы