Пара алып, заң мен ардан аттайтын судьялар қатаң жазалануы керек. Бүгін судьялардың VIII съезіне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесін жетілдірудің төрт жолын айқындап берді. Өйткені процестердегі жемқорлық, қағазбастылық пен қате үкім шығару фактілері әлі тыйылмай тұр. Сондықтан Президент судьяларды жұмысқа аларда қатаң іріктеуден өткізу керек деді. Онлайн өткен жиынға судьялардан бөлек, халықаралық сарапшылар да қатысты.
Әлемде коронавирус өршіп тұрғаны белгілі. Сол үшін сот отырыстарының 95 пайызы онлайн өтіп жатыр. Күніне осылай төрт жарым мың процесс өтеді. Президент алдымен фемида қызметкерлерінің карантиндегі еңбегін ерекше бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Біз сот процесін ақпараттық технологияның арқасында қашықтан жүргізу форматына жедел көшірдік. Бұл ұтымды әрі оңтайлы шара болды. Көптеген елдерде соттардың жұмысы тоқтап қалғанда біз бір сәтке де дамылдаған жоқпыз.
Десе де сот жүйесі әлі жүйесіз. Кемшіліктер көп. Аққа жақ болудың орнына жан-жаққа жалтақтап, қате үкім шығаратын судьялар бар. Ақша үшін ардан аттайтындары жоқ емес. Соңғы екі жылда 28 судьяның өзі істі болған. Ал соттың шешіміне не үкіміне көңілі толмаған жұрт Ақордаға дейін арыздануға мәжбүр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Маған әлі күнге дейін көптеген хаттар келіп түседі. Судьялардың білімсіздігіне, жемқорлығына, дұрыс үкім шығармағанына шағымданатындар көп. Сол үшін заң бұзатын қызметкерлерді қатаң жазалау керек. Бірақ мұнымен мәселе шешілмес. Судьялардың этикасын бойларына сіңіруіміз қажет.
Судьяларға бұқара мен бизнес тарапынан сенімсіздік бар. Сол үшін де процесс кезінде оларға әлеуметтік желі мен журналистер тарапынан қысым жасалады. Бірақ бұл шешім шығаруға әсер етпеуі керек деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Отандық және халықаралық сарапшылар судьялар соттар мен сот алқаларының төрағаларына тәуелді деп санайды. Бұдан құтылу қажет. Бұл түйткілді мәселе. Судьялардың тәуелсіздігіне қатысты ешкімде күмән болмауға тиіс. Азаматтар, кәсіпкерлер және инвесторлар қазақстандық судьялардың бейтарап әрі әділ шешім шығаратынына сенімді болуы тиіс.
Иә, сенім қажет-ақ. Өйткені әлемдік рейтингте сот тәуелсіздігі бойынша 71, ал заңның үстемдігі бойынша 62-орындамыз. Көрсеткішті жақсарту үшін, судьяларды жұмысқа тамыр-таныс емес, қатаң іріктеуден өткізіп алу керек. Сол үшін де Сот төрелігі Академиясы құрылған. Енді оқу орнының талаптарын күшейту керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:-Судьялардың беделі мінсіз, ал кандидаттарды іріктеу үдерісі айқын және ашық болуы тиіс. Дамыған елдердің басым бөлігінде судьяларға қойылатын талаптардың жоғары болатыны соншалық, өткен өміріндегі болмашы бір теріс әрекеті лауазымға тағайындалмауына себеп болуы мүмкін. Мұндай тәжірибені Қазақстанда да қолданған жөн деп санаймын.
Досжан Маратұлы, тілші:
Осылайша Мемлекет басшысы сот жүйесін жаңғыртудың төрт жолын ұсынды. Ол қатаң іріктеу, тәуелсіз судья және қағазбастылықтан құтылу. Өйткені бітпейтін бюрократия істі созбалаңға салып жібереді. Әрі мантия кигендер тек заңға ғана бағынып әділ үкім шығаруы тиіс. Өйткені, адам тағдыры ойыншық емес.
Досжан Маратұлы