Президент жұмыс сапарымен Семей қаласына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент жұмыс сапарымен Семей қаласына барды

15.10.2020

Бүгін Президент жұмыс сапарымен Семей қаласына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы Абай ұлдарымен» ескерткішінің ашылуына қатысып, ақын атындағы мұражайды аралады. Мұнда Абай есімін мәңгі ұлықтауға арналған 22 мыңнан астам жәдігер бар. Мұражайдан шыққан бойда Мемлекет басшысы Қарағайлы шағын ауданында болып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Су жаңа ауданда 22 тұрғын үй пайдалануға берілген. 

Президент әлеуметтік баспаналарды аралап, көпбалалы аналармен тілдесті. Кейін абайтанушылармен жүздесіп, олардың еңбегін ескерусіз қалдырған жоқ. Ұлы ақынды зерттеп, насихаттағаны үшін ғалымдарды марапаттады. Осы жерде Қасым-Жомарт Тоқаев 175 жылдықтың пандемияға тұспа-тұс келіп, түрлі шараны өткізуге қол байлау болғанын жеткізді. Бірақ атқарылған жұмыстар аз емес. Шетелдердегі қазақ елшіліктерінде Абай орталықтары ашылып, шығармалары 10 тілге аударылды. «Abai tv» телеарнасы іске қосылып, Семей тарихи орталық ретінде белгіленді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осындай игі шаралар ұлы ойшылдың баға жетпес мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін жасалды. Ол өз шығармалары арқылы ел еңсесін тіктеуге зор үлес қосты. Ұлы ақын ұлтты ұйыстырып, әділетті қоғам құруға үндейді.

Досжан Маратұлы

Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлы Семей президент сапары

Хабарламаларға жазылу