Өскемен тұрғыны пәтерін ит қораға айналдырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемен тұрғыны пәтерін ит қораға айналдырған

13.10.2020

Өскемендегі көпқабатты үй тұрғындары пәтерінде ит-мысық асырап отырған көршісін сотқа берді. Көрші-қолаңның талап-тілегін ескермей, 20-ға жуық үй жануарларын ұстап отырған тұрғынға тәртіп сақшылары да тек айыппұл салумен шектеледі. Себебі заң аясында басқа шара қаралмаған. 

Берік Көшербай, тілші:
Ит-мысықты ерекше жақсы көретін тұрғын үйдің бірінші қабатында тұрады. Оның бұл тірлігін құптамаған көршілері есігін ашылмастай етіп бітеп, сыртын бояп тастаған.

Есіксіз қалса да, пәтер иесі бұл ісінен бас тартпады. Сыртқа терезе арқылы кіріп-шығып жүр. Жағымсыз иіс пен күні-түні иттің үріп, мысықтың мияулағанынан запы болған көрші-қолаң балалардың қауіпсіздігі үшін де алаңдайды. Бұған дейін бірнеше тұрғынды ит қауып та алған. 

Мөлдір Мұхтарова, қала тұрғыны:
4-5 ит бірден жабыла кеткенде бала қорқады, бала тұрмақ, өзіміз қорқамыз. Қауып алса, біздің өмірімізге, денсаулығымызға жауап береді. 

Көппәтерлі үйдің тұрғындары жағымсыз иіс пен тарақандардың көбеюін осы жануарлардан көріп отыр. 10 жылдан бері иесімен талай сөйлескен, бірақ нәтиже жоқ. 

Гүлсім Омарова, қала тұрғыны:
Тарақан деген көп. Тарақандар бізден мына көрші үйге көшіп барып жатыр.

Ит-мысық асырап отырған әйел 69 жаста. Бала-шағасы жоқ, күйеуі қайтыс болған. Бұрын заңгер болып жұмыс істеген. Қазіргі тірлігі көпшілік үшін жайсыз екенін түсініп те тұр. 

Виктолина Голенко, иттердің иесі: 
Әрине, бұл нормаға сай емес. Себебі адам жақсы жағдайда, тыныш және таза жерде өмір сүру керек. Енді менде осындай проблема бар. Маған жануарларды қорғау ұйымы көмектесеміз деген.

Бірақ көршілерінің айтуынша, жануарларды қорғау қоғамының өкілдері келгенде ит-мысығын қамап, бермей қояды. Ал учаскелік полицей айыппұл салудан әрі аса алмайды. Әбден қажыған тұрғындар енді мәселені сот арқылы шешпек. 

Берік Көшербай


Өскемен ит мысық пәтер наразылық

Хабарламаларға жазылу