Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қостанай өңірінде болды. Аймақтың ахуалымен танысып, астықты алқаптарды аралады.
Алдымен сүт және сүт өнімдерін шығаратын ірі зауытта болып, кәсіпорынның тынысымен танысты. Айран, қаймақ, ірімшік, май, балмұздақ пен сүт шығаратын «МИЛХ» зауытында 700 адам еңбек етеді. Өнімі еліміздің түкпір-түкпіріне таратылып, Ресейге экспортталады.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы егін алқаптарын аралап, диқандармен дидарласты. Биыл облыста майлы және дәнді дақылдар 4 млн гектар аумаққа егілген. Өнім былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға артық. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына қолдаудың арта беретінін жеткізді. Өйткені бұл саланы дамытпай, бәсекеге қабілетті мемлекет құру мүмкін емес. Қазір астықты өлкеде егінді ору науқаны қызған. Шаруаларға сәттілік тілеген Президенттің жұмыс сапары Қостанайдан кейін Теріскейде жалғасады.
Досжан Маратұлы