Қазақстанда интернет алаяқтардың саны артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда интернет алаяқтардың саны артып келеді

07.09.2020

Қазақстанда интернет алаяқтардың саны артып келеді. Жыл басынан бері 6 мыңнан астам дерек тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 еседей көп. Ішкі істер министрлігі осылай деп ақпарат таратты. 

Ақтау қаласының тұрғыны Нұрcұлтанның біраз уақыт бұрын Instagram-дағы парақшасын белгісіз біреулер бұзған. Сөйтіп оның атынан әлдебір ойын ойнатады. «30 мың теңге берсеңіз, 300 мың боп қайтады» деген жарнама қаптап кеткен. Алаяқтар жұртты алдап, жаласына мен қалдым», - дейді ол. 

Нұрсұлтан, Ақтау қаласының тұрғыны:

Алаяқ дейді мені көбісі. Бірақ менің оған түк қатысым жоқ.

Алаяқтардың қармағына іліктім деген жігіт өз парақшасын бірнеше рет бұғаттатып тастаған. Бірақ Нұрсұлтан туралы ақпаратты толық иемденген алаяқтар қайта ашқызып заңсыз әрекетін жалғастыра береді. Киберқылмыспен күресетін компания өкілі Қазақстанда осы сипаттағы қылмыстардың өршіп тұрғанын айтады. 

Евгений Питолин, «Касперский зертханасының» Орталық Азия, ТМД және Балтиядағы басқарушы директоры:

- Қазақстандықтарды көбіне мобильді телефонына троян вирусын жіберу арқылы шабуылдайды. Өткен жылы осы деректердің көрсеткіші бойынша Қазақстан әлем елдері арасында әлемде екінші орында тұрды. Біздің есебімізше бұл цифрландырудың өте қарқынды дамуымен және онлайн дүкендер мен қызметтердің көп болуымен байланысты.

Кибершабуылдың тәсілі көп. Олар түрлі мессенджер, электронды поштаға сілтеме жібереді. Бассаңыз болды құрылғыдағы бүкіл ақпаратыңыз алаяқтың алақанына түседі. Сосын, кездейсоқ ойыннан жеңімпаз атандыңыз, сыйлығыңызды алу үшін ақша аударыңыз деп хабарласатындар бар. Енді біреулер банк қызметкері ретінде хабарласып, картаңыздағы ақпаратты алуға тырысады.  

Нұрділдә Ораз, Ішкі істер министрінің кеңесшісі:

- Көбіне, адамдардың дербес деректерін алдап алып, шағын кредиттер ресімдеу кездеседі. Сонымен бірге түрлі тауарлар сату жөніндегі жалған жарнамаларға алданып қалады. Алмаған тауарлары үшін алдын ала төлемдер жасап алданады. 

Ішкі істер министрлігі киберқылмыскердің құрбаны болмау үшін интернет дүкендер туралы ақпаратты тексеруге, жеке деректерді, пластикалық картадағы ақпараттарды айтпауға және күмәнді мәліметтер бойынша аударымдар жасамауға шақырады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Бізге ең үлкен қауіп төндіретін құрылғы мынау. Ұялы телефон. Өзіміз туралы бар ақпаратты, тіпті, банк карталарымызды осында тіркеп қойғанбыз. Алаяқтың арбауымен бір батырманы бұрыс бассаңыз болды, бүкіл дерегіңіз бен әлеуметтік желідегі парақшаларыңыз біреудің иелігіне көшеді. Сол сәтте Нұрсұлтан сияқты шарасыз күйде қалмауыңызға кім кепіл?

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу