Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министр Асқар Маминмен кездесті. Онда елдің 7 айдағы экономикалық даму қорытындысы мен пост-пандемиялық кезеңдегі жұмыс жоспары талқыланды. Жыл басынан бері экономиканың негізгі салаларында көрсеткіш жоғары. Әсіресе, машина жасау, өңдеу және тау-кен өндірісі мен құрылыс салаларында өсім бар. Елбасы мұның бәрі бұрыннан қамданғанның нәтижесі екенін айтты. Ендігі міндет – экономиканы алдағы уақытта да тұралатып алмай, халықтың әл-ауқатын арттыру. Үкімет барлық саланың дамуына күш салуы тиіс. Оның үстіне сарапшылар экономикалық дағдарыс пен пандемияның жаңа толқыны болуы ықтимал деп отыр. Сондықтан Елбасы бұған бей-жай қарамай, арнайы бағдарлама әзірлеу керектігін айтты. Сондай-ақ инфекциямен күрес жөнінде халыққа ақпарат беру, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірмеуге мән берілді.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы:
Біз тәуеліздік алғаннан бергі ең қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатырмыз. Осы уақытқа дейін де бірқатар дағдарысты көрдік, еңсердік. Ал қазіргісі - бүкіл әлемді қамтып отыр. Жұмыссыздық өсіп келеді, бизнеске де оңай болмай тұр. Елдер арасындағы сауда-саттық қысқарып жатыр. Дегенмен, ертеден дұрыс әрекет еткеніміздің арқасында біздегі жағдай тұрақты. Экономикалық көрсеткіштің кемуі - басқа елдермен салыстырғанда үш есеге дейін аз. Мен бұл қиындықты да жеңетінімізге сенемін. Экономиканы дамытуға барлық жағдай жасалады. Үкімет жұмыс орындарын көптеп ашуы тиіс. Оған біздің тәжірибеміз де, мүмкіндігіміз де жетеді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:
Экономиканың негізгі базалық салаларында өсім бар. Дегенмен, карантин кезеңінде қызмет көрсету бағыттары қиналып қалғаны рас. Карантин шаралары алынады деп жоспарланып отыр. Жыл аяғына дейін қалпына келеді деген ойдамыз. Оған Үкімет тарапынан барлық жағдай жасалады.
Әсима Нұрбайқызы