Қарағанды облысының Балқаш қаласында тұратын микроминиатюра шебері Николай Савидов үшін биылғы жыл жемісті болды. Карантин кезінде ол шығармашылыққа көп уақыт бөліп, жеке коллекциясындағы ерекше туындылар санын екі мыңға жеткізген.
Негізгі мамандығы электромонтер болса да, қолы қалт етсе, микро дүниелер жасаумен айналысады. 30 жыл ішінде ол бірнеше рет әлемдік рекорд жаңартқан.
Николайдың туындыларын тек микроскоппен 150-200 есеге ұлғайтып қана көруге болады. Биылғы жасаған миниатюраның бірі – күнжіт дәніне бірнеше қанжар орнатқан.Тағы бір тың дүниесі – иненің жасуына көкке жайылып жүрген құлынды биені салыпты.Сонымен қатар аттың қылына үш тілде мақал-мәтел жазған.
Николай Савидов, микроминиатюра шебері
Мен кез-келген туындыға тыңғылықты дайындаламын. Егер қандай да бір қызықты тақырып түсіме кірсе, тұра салып, оны жасап тастай алмаймын. Оның барлық технологиясын меңгеріп барып іске кірісемін, ол үшін бірнеше ай кетуі мүмкін. Ең бастысы, нәтиже керек.