Медициналық маска 60 теңгеге дейін арзандауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медициналық маска 60 теңгеге дейін арзандауы мүмкін

07.08.2020

Медициналық маска 60 теңгеге дейін арзандауы мүмкін. Бағасын төмендету үшін өндірушілермен келіссөз жүріп жатыр деді Денсаулық сақтау вице-министрі.

Төтенше жағдай кезінде шекаралар жабылып, шикізат жетпеген соң ведомствоаралық комиссия нарықты тұрақтандыру бойынша шешім қабылдады. Сөйтіп бетперденің шекті бағасын 118 теңге деп бекіткен еді. Ал қазір шикізат 20-25 есе қымбаттаған. Сондықтан маска бұрынғы 15 теңге деңгейіне түспейтіні түсінікті. Дегенмен арзандатуға тырысып жатырмыз дейді Людмила Бюрабекова.

Бұдан бөлек вирустың екінші толқыны соқса, қандай шаралар қолданылатыны сөз болды. Ең қажетті 50 дәрінің түрі жедел сатып алынады. Препараттардың екі айлық қоры айына 100 мың науқасты емдеуге мүмкіндік береді. Бұған 24 млрд теңге қаралған. Сондай-ақ, амбулаториялық негізде емделетіндерге бес дәрі түрін коронавирус диагнозы мен емі туралы хаттамаға енгізу мақұлданды.

Ерхат Есқалиев, «СК-Фармация« ЖШС басқарма төрағасы:

Қазір сатып алу рәсімдері аяқталуға жақын. 10 тамызда тауарды түсіріп аламыз. Денсаулық сақтау министрлігінің болжамы бойынша 8,6 млрд теңгеге алынған препарат 1 млн емделушіге жетуі керек. Осылайша инфекциялық провизорлық орталықтардың жүктемесін азайтуды жоспарланып отыр. Осы алынған топатаманың ішіне отандық тауар өндірушілердің өнімі де кірді. Ол осы жылдың 3 тамызында тіркеуден өткен Ривароксабан дәрісі.


Хабарламаларға жазылу