Мақтааралда 120 үйдің құрылысы бітті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақтааралда 120 үйдің құрылысы бітті

06.08.2020

Мақтааралда жаңа ықшам аудан пайда болды. Мұнда су астында қалған Жеңіс, Достық, Жаңатұрмыс ауылдарының тұрғындары қоныстанады. Бүгінде 120 үйдің құрылысы толық аяқталды. Жалпы 386 баспана бой көтерген. Көбінің шатыры жабылып, ішкі әрлеуі ғана қалды. Ал үй-жайын су алған халық қайда және қалай өмір сүріп жатыр? Жаңа мекенге көшуге дайын ба?

Сапарбек Аджиев - Жеңіс ауылының тұрғыны. Үйінің жермен-жексен болғанына жақында жүз күн толады. Жыл сайын жеміс беретін 91 түп шие ағашының да көбі қурап қалған. 78 күн туған туысты сағалаған екеу енді сол талдардың түбінде түнеп жүр.

Сапарбек Аджиев, Жеңіс ауылының тұрғыны:

«Мына тақтайлар бар. Шөп басып кетті,тіршілік қылайық деп кемпір екеуміз келдік. 15 күн болды. Тапчан құрып жатырмыз.»

Ал Дінасыл Нарбеков жұртта қалған ауылға оралғанына он күн болды. Жан жағын жиыстырып, күл-қоқысты өртеп жүр. Алпыс жыл алқа қотан отырған ел-жұрттан тамыр үзіп кету қиын дейді ол.

Дінасыл Нарбеков, Жеңіс ауылының тұрғыны:

«Үй жарамсыз. Отырған. Жарылған. Ләжі болса, жаз бойы осында тіршілік қып, сөйтіп өмір сүру керек болып тұр. Ол жер он екі км.Біреудің көлігі бар, біреудің көлігі жоқ.»

Сардобаның кесірінен сарсаңға түскен тұрғындар енді қаз-қатар тізілген мына үйлерге орналасады. Мырзакент түбіндегі жаңа ықшам ауданда 386 баспана салынған. Жарық, газ, су, жол, канализация желілерінің бәрі тартылған.

Гүлжазира Ғалиқызы, тілші:

«Үйлер әжептеуір кең. Аумағы 100 шаршы метр болады.Міне кіреберіс, жуанатын бөлме, холы, екі жатын бөлмесі, 15 шаршы метр болатын залы,мынадай асханасы бар. Ас үйде мынадай керекті құрылғылар да қойылған.

Үйдің басқа да жиһаз - жабдығын алу үшін әр отбасына Әлішер Усманов қорынан 1000 доллардан, үкімет резервінен әр тұрғынға 100 мың теңгеден берілді.»

Аудан әкімінің айтуынша қоныс той 1 қыркүйекке жоспарланған.


Хабарламаларға жазылу