Ливан халықы жарылыс құрбандарын еске алып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ливан халықы жарылыс құрбандарын еске алып жатыр

06.08.2020

Бүгін Ливан жұрты жарылыс құрбандарын еске алып жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, жойқын дүмпуден 137 адам қаза тауып, 5 мыңдайы жараланды. Мерт болғандар саны өсуі ықтимал. Өйткені ондаған адам жоғалып кеткен.

Соққының күштілігі сонша, ғимараттар қирап, 300 мыңдай тұрғын баспанасыз қалды. Мұның бәрін қалпына келтіруге 10-15 миллиард доллар қажет болуы мүмкін. Салғырттық үшін порттың басшылары тұтқындалып жатыр.

Айта кетсек, сұрапыл апатқа 2750 тонна аммоний нитратының жарылуы себеп. Тергеу мәліметтеріне сай, бұл жүк 2013 жылы Мозамбикке бара жатып, қаржылық қиындықтарға байланысты Бейрут жағалауында қалған. Эпидемия салдарынан терең экономикалық дағдарысқа батқан Ливанға қазір әлем елдері көмек көрсетіп жатыр.

Бейрут тұрғыны:

«Былтыр орман өтенді, 17-ші қазан революциясы болды. Одан кейін экономикалық дағдарыс пен COVID -19 пандемиясы жетті. Енді, міне апатқа ұшырап отырмыз. Проблеманың соңы проблемаға ұласып жатыр. Әлеуметтік желіде жазып жатыр ғой: біз Ливанда өмір сүрмей, күреспен күн кешіп жатырмыз».

Ливан президенті Мишель Аун үкіметтің төтенше отырысында мәлімдеме жасап, трагедияның себебін ашық тергеуге уәде берді. Өзге бір мәліметтерге қарағанда, порттан қауіпті материал әкетілмесе, «бүкіл Бейруттің жарылатыны» жарты жыл бұрын ескертілген.


Хабарламаларға жазылу