Түркияда соңғы күндері коронавирус жұқтырғандар саны айтарлықтай көбейіп кетті. Әсіресе туристік қалаларда науқастар санының артуы айқын байқалған. Бұл мәліметті елдің Денсаулық сақтау министрі жариялады.
Вирус жұқтырғандардың күрт көбеюіне құрбан айт кезіндегі демалыстарда халықтың сақтық шараларына мән бермеуі мен теңіз жағалауындағы қалаларға шетелден туристердің көптеп келуі себеп болған. Соңғы бір айдың көлемінде Түркияда вирус жұқтырғандар саны тәулігіне 900 адамның айналасында болып келсе, кеше бұл көрсеткіш 1083 адамға жетті. Ал қайтыс болғандар саны 5700 адамнан асқан.
Фахреттин Қожа, Түркияның денсаулық сақтау министрі
«Құрбан айт кезіндегі мерекелік басқосуларда, демалыс орындарында өкінішке қарай сақтық шаралары дұрыс сақталмады. Бұған дейін кей өңірлерімізде ғана вирустың таралуы көбейген еді. Соңғы күндері барлық ел аумағында науқастар саны күрт артқанын байқадық. Сондықтан барлығыңыздан сақтық шараларына мұқият болуды сұраймыз»
Туристер арасында вирустың таралуын болдырмау үшін, Түрік үкіметі короновирусты анықтайтын тестті қонақ үйлерде де жасай бастады. Бұл қызметтің құны шамамен 6 мың мен 15 мың теңге аралығында. Ал елге келген туристен әуежайда вирус белгілері білінсе, оған тест тегін жасалады. Короновирус анықталған турист бірден оқшауланып, жергілікті ауруханаға жатқызылады.
Айдос Әшімұлы