Қазақстанда COVID-19 бен коронавирустық пневмонияның статистикасы ресми түрде біріктірілді. Сонымен алғашқы екі күнде сырқаттар саны 8200-ден асты. Ал індеттен көз жұмғандар 121 адам. Жаңартылған мәлімет елдің әлемдік рейтингтегі орнына кері әсерін тигізді. Бірақ, қазір бедел қуалайтын кезең емес, керісінше эпидахуалға салқын қарап, салмақты қадамдар жасайтын уақыт деп отыр министр.
Біріктірілген сандар тамыз айының бірінен бастап жүргізілуде. Яғни, коронавирус пен вирусты пневмония бойынша жаңартылған мәліметтің алғашқы нәтижелері жарияланды.
«Бұл нені білдіреді? Аурудың дұрыс болжамдарын жасауға, қажетті ресурстарды: медициналық кадрларды, төсек-орындарын, медициналық жабдықтарды, дәрілік заттарды жоспарлауға, сондай-ақ статистиканың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,- деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.