Ақтау іргесіндегі 17 мың халқы бар ауыл 3 айдан бері сусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтау іргесіндегі 17 мың халқы бар ауыл 3 айдан бері сусыз отыр

15.06.2020

Ақтаудың іргесіндегі Батыр ауылының тұрғындары 3 айдан бері ауыз суға жарымай отыр. Күнара 1 жарым сағатқа ғана берілетін тәршілік нәрі соңғы күндері мүлдем тоқтап қалған. Ал сатып алып ішетін судың бағасы 2200 теңгеден 10 мың теңгеге қымбаттап кеткен. Қалтасы қағылып, әбден қажыған қараша халық кімнен көмек сұрарын білмей дал.

17 мың халқы бар Батыр ауылында ғана емес, Мұнайлы ауданында мәселе өзекті. 170 мыңнан астам тұрғынға күніне 22 мың текше метр су қажет. Бірақ «Каспий» су тұщыту зауыты небәрі 12 мың жарым текше метр тәршілік нәрін беруге қауқарлы. Соның 1 мың кубы ғана - Батыр ауылының үлесінде.

 «Каспий» су тұщыту зауыты директорының айтуынша, Мұнайлыға су артығымен беріліп отыр.Мәселен, бүгін 13 жарым мың текше метр су жіберілген. Алайда, оның 30-40 пайызы ғана тұрғындарға жетеді.

Бұған қоса, Мұнайлы ауданы суға қарыз боп шықты. Зауыт алдындағы берешегі 287 миллион теңгеден асқан.

Аягөз ОРАЛБАЙ


Хабарламаларға жазылу