Арыстағы жарылысқа қатысты айыпталушылар арасында әскери салаға қатысы жоқ тұрғын бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арыстағы жарылысқа қатысты айыпталушылар арасында әскери салаға қатысы жоқ тұрғын бар

15.06.2020

Арыстағы жарылысқа қатысты сот алдында жауап беріп жатқан 16 адамның қатарында Шымкент қаласының тұрғыны да бар. Әскери салаға қатысы жоқ азаматтың кім екені және оған қандай айып тағылғаны жарияланбай отыр. Шымкент гарнизонында өтіп жатқан кезекті сот процесі кейінге шегерілді. Себебі, кейбір жауапкерлер мен олардың адвокаттарына берілген айыптау актісінде прокурордың қолы қойылмаған. Жалпы осы іске қатысты айыпталушылардың 8-і Қорғаныс министрілігі қызметкерлері, тағы 7 азамат Арыс пен Шымкент қаласындағы әскери құрылымда істегендер. Сот процесі басталғанға дейін ешбірі тұтқындалмаған. Оларды сотта 19 адвокат қорғап жатыр. Ал 1 мың 473 адам жәбірленуші ретінде танылған. 

Естеріңізге сала кетейік, 24 маусымда Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылып, тұтас қала қирап қалған еді. Ең өкініштісі, 3 адам қайтыс болып, 200- дей тұрғын жарақат алған. 50 мыңнан астам тұрғыны бар қала толық эвакуацияланып, 8 мыңдай үйді қайта қалпына келтіруге тура келді.

Ғани ҚАЛМАХАН


Хабарламаларға жазылу