ҰБТ-ға кіру үшін коронавирусқа тест тапсырудың қажеті жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҰБТ-ға кіру үшін коронавирусқа тест тапсырудың қажеті жоқ

15.06.2020

Ұлттық тестілеу орталығының директоры қыз-жігіттер ең бастысы медициналық маска тағып келсе болды дейді. Оның үстіне түлектерге аудиторияға кірерде қосымша бетперде беріледі. Сондай-ақ Дидар Смағұлов тестілеуде төртінші тоқсанның және Абылайханның атында қанша тіс болған деген секілді қисынсыз сауалдар болмайды деп сендірді. Жалпы, биыл тест тапсыруға өтініш бергендер саны рекордтық көрсеткішке жеткен. 131 мың адамның 100 мыңға жуығы тестті қазақ тілінде тапсырады. Бір қызығы, олар тестілеуге небары 5 күн қалса да, қашан және қайда тест тапсыратындарынан бейхабар. Смағұловтың айтуынша, оны қыз-жігіттер Ұлттық тестілеу орталығы сайтындағы жеке кабинетінен біле алады.

Тестілеудің өзі маусымның 20-нан шілденің 5-іне дейін 161 ҰБТ пунктінде өткізіледі. Смартфон, шпаргалка алып келгендер болса, тестілеуге мүлдем кіргізілмейді. Тіпті кейін қайта тапсыра алмайды. Есесіне калькуляторға рұқсат. Бірақ оны аудитория ішінде мамандардың өздері береді. Сондай-ақ сынаққа дайындалу үшін 200 мыңға жуық түлек ақылы тестті екі жарым ай бойы тегін тапсырыған. Ал ата-аналар баласымен еріп келмей, ҰБТ барысын үйден онлайн көруі тиіс. Айта кетерлігі, коронавирусқа байланысты тестті стадионда өткізу мәселесі қаралған еді. Бірақ жауаптылар қазір бұл ойынан айнып отыр. Өйткені оның өзі қауіпті. Ең дұрысы, адам санын азайтып, дәрісханада өткізу дейді.

Дрсжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу