Тараздағы қоқыс полигоны экологияға зиян келтіруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараздағы қоқыс полигоны экологияға зиян келтіруде

11.06.2020

Қоқыстың зардабын жамбылдықтар да тартып отыр. Таразда қалдықтарды жою үшін әлі күнге дейін көму әдісі қолданылып келеді. Тау боп үйілген қоқыс егістіккке дейін жетіп, полигонды қалқалау үшін отырғызылған жасыл желек көктей солған. Қоқыстың кесірі жақын маңдағы ауылдардың малына да тиіп отыр.

Қоқыс алаңынан екі шақырым жердегі ауыл тұрғындары бау-бақша егуден қалған. Жаз айларында құзғын мен қарға қаптап, көкөністерді баудай түсіреді. Ол аздай, қоқыстан ұшқан шыбын мен полиэтилен пакеттен ауылдағы антисанитариялық жағдай адам төзгісіз.

Экологтар полигонында көму әдісінен бөлек өзге де талаптардың сақталмай отырғанын айтады.

Қазірдің өзінде қаладан жылына 38 мың тонна қоқыс шығады. Ал шаһардағы халық саны өсіп келеді. Қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт салатын инвестор жуық арада табылмаса, көне қаланы қоқыстан арылту мұңға айналмақ.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ


Хабарламаларға жазылу