Степногорск қаласында болған өрттен 5 адам көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Степногорск қаласында болған өрттен 5 адам көз жұмды

10.06.2020

Ақмола облысының Степногорск қаласында өрттен 5 адам көз жұмды. Оның екеуі — бала. Түнде қала сыртындағы саяжай үйі жанып кеткен. Қайтыс болғандардың төртеуі — бір отбасының мүшелері.

Саяжай иесі 1955 жылғы әйел, оның 1976 жылы туған баласы мен 7 және 5 жасар немерелері. Тағы бір адамның кім екені анықталып жатыр. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенше үйдің 2-ші қабаты опырылып құлаған. Тілсіз жау 20 шаршы метр аумаққа тарап үлгерген.

Ал Семейде түнде екі қабатты қонақ үй ғимаратынан өрт шықты. Қызыл жалын лезде 40 шаршы метр аумақты шарпыған. Өртенген бөлмеде болған екі адамға екінші қабаттың терезесінен секіруге тура келген. Өрт сөндірушілер тағы үш адамды құтқарды. От өрт қауіпсіздігін сақтамаудың кесірінен тұтанған. Зардап шеккендер емханаға жеткізілді.

Сондай-ақ бүгін елорданың іргесіндегі Жібек Жолы ауылында қонақ үй, монша, асхана орналасқан ғимарат өртке оранды. 45 адам қауіпсіз жерге шығып үлгерген. Зардап шеккендер жоқ.

Ермек ЕЛБЕРГЕН


Хабарламаларға жазылу