Елордалық дәрігерлер вирус жұқтырғандарды емдеу барысын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық дәрігерлер вирус жұқтырғандарды емдеу барысын айтты

09.06.2020

Коронавирус жұқтырып, жан сақтау бөліміне түскен науқастардың басым бөлігі медициналық көмекке кеш жүгінген. Соның салдарынан олар жасанды аппарат арқылы тыныс алуға мәжбүр. Қазір елордадағы көпбейінді медициналық орталықтың жан сақтау бөлімінде 17 науқас жатыр. 4 -еуі ауыр халде.

Мұнда жатқан әр науқастың өмірі қыл үстінде. Кейбіреуінің науқастанғанына бір айдан асқан. Сырқаттарға жасанды тыныс алу аппаратынан бөлек, арнайы препараттар тағайындалған. Науқастардың ең кішісі 40-тан асса, үлкені 93 жаста. Дәрігерлер сағат сайын оларды тексеріп, жағдайын бақылап отыр. Қазір мұнда 370 науқас ем алып жатыр. Мамандар үш айдан бері коронавирус жұқтырған 1000 -нан астам адамды емдеген.

Түсірілім барысында тағы бір адамның көз жұмғанын естідік. Жұқпалы вирус жас қарамайды. Әсіресе, созылмалы ауруы барларға ауыр тиеді. Мұны осы уақытқа дейінгі тәжірибе көрсетті. Сондықтан дәрігерлер, сақтық шарасын ескеріп, қарапайым қағидаларды ұмытпаған жөн дейді. Әйтпегенде мына науқастардың орнына ертең сіз келуіңіз әбден мүмкін.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу