Басты Жаңалықтар Қызылордада тігілген ерлер жейдесін шетелдіктер кие бастады

Қызылордада тігілген ерлер жейдесін шетелдіктер кие бастады

«Dalatex» бренд үлгісімен тігілген өнім Ресейге экспортталып жатыр. Сапасында мін жоқ. Таза мақтадан тігілген көйлектердің бағасы да қолжетімді.

Әр жұмысшының өз міндеті бар. Бірі матаны өлшеп-кессе, екіншісі жағасы мен жеңін тігеді, ал, келесі адам түймесін қадайды. Арасында кәсіби тігіншілер де, жейде тігуді енді үйренгендер де бар. Барлығы арнайы дәріс алған. Әр маман өз ісін шебер меңгерген. 

Майра Асылбекқызы, тігінші:

30-дан аса қыз жұмыс істейміз. Жұмысым өзіме ұнайды.

Алғашқыда мұнда күніне 100-150 дана ерлер жейдесі тігілсе, қазір жұмыс ауқымы екі есеге ұлғайды.  Өндіріс орны толықтай  түркиялық соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. «Dalatex» жейделерінің бағасы  5500 теңгеден басталады. Әрі қарай түріне, матаның сапасына қарай әр түрлі.

Жадыра Ботабекова, тігінші:

Өзіміздің таза еңбекпен, қазақстандық өнімді қолданып тіккен көйлектерді ұсынсақ, басқа да елдер қолданса дейміз. Барлығы халықтың игілігі, өзіміз үшін, болашағымыз үшін. Біздің қазақстандық өнімнің сапасы шетелдікінен артық демесек, кем емес.

Тігін фабрикасында айына 5-7 мың жейде тігіледі. Тауар Шымкент, Тараз, Алматы мен Оралда  сатылады. Сондай-ақ, Ресейдің Орынбор, Екатеринбург, Астрахань қалаларына экспортталуда. 

Дінмұхамед Абызов, фабрика құрылтайшысы:

 Қазір біз көктемгі, жаздық топтамаларға дайындалып жатырмыз. Осыны 2-3 ай тігеміз. Одан кейін оқу киімдерін тігу жоспарда бар. Ұзаққа бармай, Қызылорда облысының тек мектеп киімін алатын болсақ, жылына 1-1,5 миилиард теңге жұмсайды. Өкінішке қарай, оның көпшілігі, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстаннан келеді.

Кызылордалық өнімнің сапасы шетелдік брендтермен бәсекелесе алады. Алдағы уақытта тауарды өзге де мемлекеттерге экспорттау үшін  келіссөздер жүріп жатыр. 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу