Басты Жаңалықтар 27 жылда елімізде 10 мыңға жуық балабақша салынып, 2 мыңнан астам медициналық мекеме тұрғызылды

27 жылда елімізде 10 мыңға жуық балабақша салынып, 2 мыңнан астам медициналық мекеме тұрғызылды

Тәуелсіздік жылдары әлеуметтік сала нығайып, білім мен ғылым саласына ерекше көңіл бөлінді. Жеке ел болған 27 жылда 10 мыңға жуық балабақша салынып, 2 мыңнан астам медициналық мекеме тұрғызылды. Тұрғын үй құрылысы да қарқынды дамып, республиканың барлық өңірінде жаңа, биік баспаналар бой көтере бастады. Кешенді бағдарламалар қабылданып, соның арқасында елде бұрын-соңды болмаған құрылыс қарқын алды. 

Азаттық алған тұста елде ұлт саулығы демігіп тұрды, білім беру саласының да ахуалы мүшкіл-тін. Тап осы салалардың «сырқатын» емдеу үшін елде үлкен реформа басталды. Алдымен, құрылыс сәбилер игілігі үшін жүргізілді.

Өйткені, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдегі 8743 мектепке дейінгі мекеменің тең жартысы жекенің меншігіне өтіп, тағы 3000-ға жуығы қысқарып, елде небәрі 1100 ғана балабақша қалған-тын. Яғни, мектепке дейінгі білім мен тәрбиені елдегі балалардың 15 пайызға ғана ала алды.  

Бүлдіршіндерді бал мекеніне қайтып жинау үшін елдің әр өңірінде құрылыс қызу жүрді. Жекенің қолына кеткен мекемелер қайтарылды, тағы мыңдағаны жаңадан салынды. Игі істердің ізімен аз уақыттың ішінде 9800-ден астам балабақша ашылды. Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемемен қамтамасыз ету көрсеткіші 96 пайыздан асып отыр.

Ал елдегі әрбір бесінші мектеп жаңадан салынған. 1995 жылдары шамамен 9 мектептен тұрғызылса, былтыр ел бойынша 99 орта білім беру мекемесі бой көтеріп, оқушылардың игілігіне берілді. Нәтижесінде, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі түбегейлі жойылып жатыр.

Енді медициналық нысандарға ойыссақ. Дерт - көп, денсаулық - біреу. Сол көп дерттен денсаулықты сақтайтын медициналық мекемелер одан да көп болуы тиіс. 27 жылда 1300-ден аса медициналық нысан тұрғызылды. 1980 жылдан 2001 жылға дейін елімізде аурухана мен емхана мүлдем тұрғызылмаған. Тек 2002 жылдан бастап сең қозғалды. Осы жылдар ішінде 181 аурухана мен  1243 емхана салынды.

Тәуелсіз 27 жыл ішінде құрылыстың ең көлемді бағыты – баспана. 130 млн. шаршы метр тұрғын үй салыныпты. Нәтижесінде, жыл сайын кемінде 100 мыңнан астам отбасы жаңа үйге көшіп, қоныс тойын тойлап жатыр.

Гүлмира Исабаева, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі басқармасының бас маманы:

Тәуелсіздікті алғаннан кейінгі алғашқы жылдары  құрылыс қарқыны баяу болған. Бірақ кейінгі соңғы он жылдың шамасында құрылыс қарқыны ұлғайып, азаматтар өзінің тұрғын үйлеріне ие болып отыр.  

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Жалпы, Тәуелсіздік жылдары ішінде ел бойынша  әр сала бойынша 3 млн-нан астам құрылыс жұмыстары жүргізіліпті. Бұл 10 жыл бұрынғы көрсеткішпен  8 есеге көп. Қазынадан бөлінген қаражат та қомақты. Салыстырайық, 90 жылдары құрылысқа 11 млн. теңге бөлінсе, былтыр бұл бағытқа 3 жарым млрд теңге жұмсалыпты.

Осындай игі үрдістің желісі үзілмесе, Тәуелсіздіктің тұғыры кемелдене бермек.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу