Синтетикалық есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Синтетикалық есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

05.06.2020

Ел аумағында синтетикалық есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды. Тәркіленген психотропты заттардың жалпы салмағы 6 келіге жуық, қара нарықтағы құны 190 миллион теңге шамасында. Олар есірткіні Өскемен мен Алматыда әлеуметтік желінің көмегімен таратқан. Яғни, өздері ешбір адаммен тікелей байланысқа шықпай, тауардың қай жерде екенін интернет арқылы хабарлап отырған. Өскеменнің 4 тұрғынын жергілікті полицейлер өздері қолға түсіріп, басқа 2 адамды алматылық әріптестерінің көмегімен ұстады. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің жасы 20 мен 45 жас аралығында. Іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Ақтөбе қаласының 50 жастағы тұрғыны есірткі затын дайындау үшін саяжай аумағында қарасора өсірген. Заңсыз есірткі саудасымен айналысудың жалпы 6 дерегі анықталды. Мәселен, 46 жастағы шаһар тұрғыны бір келіден астам есірткіні сатпақ болғаны үшін ұсталды. Оның тұрғылықты мекен-жайын тексеру кезінде үш жарым келі марихуана табылды. Сондай-ақ, Петропавл тұрғыны ауласына жүздеген түп қарасора өсіргені әшкереленді.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу