Биыл 15 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Нәтижесінде, 39 мыңнан астам отбасы үйлі болмақ «Шаңырақ» пилоттық жобасы да биыл іске қосылады. Кезекте тұрғандардың мәселесін шешу үшін қазынадан 390 млрд теңге бөлінбек. Оның 180 млрд теңгесі кредиттік тұрғын үйге жұмсалады, қалған 210 млрд теңге «5-10-20» бағдарламасынының шарттарына бағытталады. Сонымен қатар, елордадағы сақалды құрылыстардың проблемасын шешу үшін бюджеттен тағы қомақты қаражат бөлініп отыр. Бұл туралы бүгін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.
Ал 2026 жылға қарай Қазақстанның барлық жолдары қанағаттанарлық деңгейге жетеді. Алдағы 6 жылда 10 мың шақырым автожол салынады. Тағы 11 мың км республикалық желі жолдары күрделі және орташа жөндеуден өтеді. Балқаш пен Алакөл туристік аймақтарына келер жылы жайлы жолмен қатынайтын боламыз. Жыл аяғына дейін 9 бағыттағы автожолда қозғалыс ашылады. Үйге дейінгі жолдарды да жөндеуге басымдық берілді. 6 жылдың ішіне облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 95 пайызын қанағаттанарлық күйге жетеді.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ