Үкімет енді халық көп тұтынатын тауарларды шығаруға басымдық бермек
Ол үшін мемлекеттік бағдарлама қабылданып, тек осы салаға басымдық беріледі. «Сыпырғыны да сырттан сатып аламыз, бұл не деген масқара?!», деп депутаттар Үкіметке сауал жолдағаны есімізде. Енді бұл олқылықтың орнын Индустриаландыру бағдарламасы толтырмақ. Үкімет «тек қайта өңдеу саласындағы ұсақ тауар шығаратын кәсіпорындарды қолдаймыз», деп отыр.
Индустриаландырудың үшінші бесжылдығы. Үкімет мүшелері мемлекеттік бағдарламаның кезекті кезеңі туралы тұжырымдаманы 100 пайыз дауыспен қабылдады. Бұған дейін ірі өндіріс ошақтарын ашуға басымдық берілсе, енді қолдау халық тұтынатын тауарларды шығаратын кәсіпорындарға көрсетіледі.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
Бірінші топ ол мықты тыл. Бұл өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары. Олардың есебінен халық тұтынатын тауарларды қоса алғанда, отандық өнімнің көлемі мен ассортименттері кеңейтілетін болады. Сондай-ақ, болашақ экспорттаушылардың пулы құрылады.
Жеңіс Қасымбек бесжылдықтың берер жемісін де есептеп қойыпты. Өңделген отандық өнім экспорты 2,3 есеге артып, ішкі нарық отандық тауарлармен толмақ. Тұжырымдаманы әзірлеуге «Атамекен» палатасы атсалысқан және оны Үкімет жанындағы Экономикалық кеңес те мақұлдаған. Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарлама да пысықталды. Биыл ғана жаңартылған бағдарлама қарқын ала бастаған. 60 мың тонна болмаса да, біраз ірі қара етін экспорттапты.
Арман Евниев, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі:
Ағымдағы жылдың 11 айдың нәтижесі бойынша сиыр етін экспорттау көлемі 14,5 мың тоннаны құрады. Оның жартысына жуығы, 45,2%-ы Түркістан облысына тиесілі. Жыл соңына дейін жоспардағы 15 мың тоннаны асыра орындаймыз деп сеніммен айта аламыз.
Үкіметте көпқабатты үйлерге жылу есептегіш құрылғыларды орнату мәселесі де көтерілді. Бұл тұтынушыға да, бюджетке де тиімді. Мысалы, қондырғы арқылы екі бөлмелі үйдің жылуына кететін шығынды 36 пайызға дейін үнемдеуге болады. Бұл ел бойынша миллиардтаған үнем. Сондықтан да, Үкімет басшысы әкімдерге бұл жұмысты жандандыруды тапсырды.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы