Айсары елді мекенінің тұрғындары ауыл маңына егін салуға қарсы
Қостанай облысындағы Айсары елді мекенінің тұрғындары ауыл маңына егін салуға қарсы. Себебі олар жайылым жерден айрылып қалмақ. Тұрғындардың дені мемлекеттік бағдарламамен несие алып, енді бірі азғантай малымен күн көріп отыр. Егер жайылымсыз қалсақ, ауылда тіршілік ету мүлде қиындайтынын айтады тұрғындар.
1300 адам тұратын ауылда 900 сиыр, 750 қой, 200-ден астам жылқы бар. Осынша малдың санына шаққанда жайылым көлемі 4 мың гектардан кем болмауы тиіс. Алайда тұрғындарға тиесілі өрістің аумағы 2400 гектар ғана. Ауылды жағалай егістік қоршап тұр. Оның жайылымды тарылтқаны аздай, жұрттың денсаулығына да кеселі тиеді.
Айсарылықтардың айтунша жердің жаңа иесі қалада тұратын көрінеді. Оны алқап басынан кездестіре алмадық.
Дәл қазір жекенің меншігіндегі жерді ауылға қайтару заңға қайшы. Ол үшін шаруашылыққа осы аумақтан басқа телім берілуі тиіс. Ауданнан келген өкілдер алқаптарға ревизия жүргізіп, іргедегі жайылымды сақтап қалудың жолын қарастырамыз деп отыр.
Дәуренбек ӘБДІБЕК
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы