Теміртауда жолаушылар автобусы аударылып, 5 адам жарақат алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртауда жолаушылар автобусы аударылып, 5 адам жарақат алды

28.05.2020

Қарағанды облысының Теміртау қаласында автобус аударылып, салдарынан жолаушылар жарақат алды. Салонда барлығы 19 адам болған.  

Оқыс оқиға қаланың шеткі көшесінде, металлургиялық комбинаттың оттегі цехы маңында болған. Қалаға кіру қазір мүмкін емес. Себебі эпидахуалға байланысты Теміртау жеке оқшауланған.

Жол апатынан 7 адам зардап шексе, соның екеуінде жеңіл жарақат. Ал үшеуінің милары шайқалған. Олар дәрігерлік тексерістен соң, үйлеріне босатылды. Қалған екі адам ауруханаға жеткізілген. Бірінің бел омыртқасы, екіншісінің жамбас сүйегі сынған. Оларға тиісті операция, ем-дом көрсетілген. Жағдайлары қалыпты. Тек жамбасы сынған пациент ерікті түрде ауруханаға жатудан бас тартқан.

Автобуста Теміртау қаласындағы компаниялардың бірінің жұмысшылары отырған. Қазір полиция жол-көлік оқиғасының себебін нақтылап жатыр.

Тергеу сараптамасы бойынша жол-көлік оқиғасының себебі нақтыланады.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу