Атырау облысында Covid-19 жұқтырғандар саны 944 адамға жетті.
Өткен тәулік ішінде тағы 21 адам індет құрығына ілікті. Оның 20-сы- Теңіз кенішінің жұмысшылары. Қазір тек кеніштің өзінде қатерлі кеселге шалдыққандар 835-ке жетіп отыр.
Ал Шығыс Қазақстанда 7 адамнан вирус анықталса, оның 5-і Семейде тіркелген. Індетке шалдыққандардың арасында 4 жасар қыз бар. Облыс бойынша ауырғандар 73 адам болса, 56-ы Семейден. Сол себепті Шығыс Қазақстан бойынша жеңілдіктер енгізілгенімен, семейліктер үшін карантин талаптары әлі өзгеріссіз қалуда. Мамандардың айтуынша, тұрғындар сақтық шараларын ескермегендіктен вирустың таралуы жиілеп бара жатыр
Қостанай облысында 2 күн бұрын коронавирустан тағы бір адам қайтыс болды. Жітіқара қаласы тұрғынының тап осы дерттен көз жұмғаны кеше анықталды. 55 жастағы әйел індетті бір подъезде тұратын көршісінен жұқтырған болуы мүмкін. Бұған дейін онкологиялық ауруға шалдығып, есепте тұрған.
Ержан ЖАҚЫП