Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханаға қатысты тергеу аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханаға қатысты тергеу аяқталды

26.05.2020

Алматыда қызметкерлері жаппай коронавирус жұқтырған Орталық клиникалық ауруханаға қатысты тергеу аяқталды. Денсаулық сақтау министрі емдеу мекемесінде жүргізілген тексерістің нәтижесін жариялады. Елжан Біртанов фэйсбуктегі парақшасында: «14 білікті маманнан құралған комиссия инфекцияның таралу фактісі бойынша тексеру жүргізді. Қорытындыны алдым»,- деп жазды. Енді ортақ шешім қабылдау мақсатында жиналған мәліметтер прокуратураға беріледі. Сондай-ақ ведомство басшысы Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасына аурухана қызметкерлерін өзге емдеу мекемелеріне орналастыруды тапсырды. Оларға қосымша жалақы төленіп, әлеуметтік қолдау мәселелері шешіледі. Министрдің мәліметінше, төтенше жағдай кезінде індет жұқтырған науқастарды емдеген 350 медицина қызметкеріне үстемеақы ретінде 59 миллион теңге төленген. Бүгін белгілі болғандай, аурухананың 10 қызметкері өз еркімен жұмыстан шықты, коронавирустан айыққан 143 маман еңбекке тартылады деп жоспарланып отыр.

Жазира ОРАЗҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу