Басты Жаңалықтар Еңбек – адамды биікке жетелейтін құндылық

Еңбек – адамды биікке жетелейтін құндылық

Еліміздегі реформалардың нәтижелі болуы үшін қоғамның дүниетанымы мен азаматтардың жауапкершілігі де өзгеруі керек. «Адал азамат» қағидаты осыған негізделген. Президент Жолдауында атап көрсеткендей, әлеуметтік әділеттілік қағидаты бойынша адамдар масылдықтан арылып, көмек ең мұқтаж жандарға ғана көрсетілуі керек.

Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылында тұратын көпбалалы ана Нұржамал Садықова жылыжай шаруашылығын меңгеріп алған. Бес жыл бұрын Өзбекстаннан қоныс аударған келіншек әкімдіктен 15 соттық жер алып, отбасылық кәсіп бастаған.

Нұржамал Садықова, шаруа:

Бүгінгі күнде Президентіміз айтып жатыр ғой, біреуге масыл болмаңдар, біреуге алақан жаймаңдар деп. Істеймін десе жұмыс көп қой аналарға, жас аналарға мысалы үшін. Әрине, бұл кәсіп оңай шаруа емес. Күннің ыстығы бар, салқыны бар. Бірақ өкіметке қол жайып жатқан жоқпыз. Осыны сатып, өзімізге қажетті заттарға пайдаланып жатырмыз әйтеуір.

Шұбарсу ауылындағы шаруалар қазір жаппай қызанақ жинап жатыр. Қашанда қара жұмыстан қашпаған диқандар көкөніс пісіп жетілгенше көп еңбектенеді. Уақытпен санаспай, маңдай тер төгеді.

Алтынбек Мырзабеков, шаруа:

Ауа-райына байланысты қиындықтар туындайды. Су мәселесімен қиындықтар туындайды. Бірде өнім болады, бірде өнім болмайды. Бірде баға болады, бірде баға болмай қалады. Нәтижесін күтесің оның. Болмаса оны көресің. Оңай шаруа емес негізі.

Ал шымкеттік психолог Айман Тәңірберген болса қазір елдегі негізгі реформаларды жүзеге асыру үшін адамдардың еңбекке, ортақ іске деген көзқарасы өзгеруі керек. Халықтың менталитеті, ділі өзгеріп, еңбекқорлық, үнемшілдік қасиеті қалыптасуы қажет, дейді.

Айман Тәңірберген, психолог:

Отбасында мысалы әйелінің балаға үкіметтен берілетін көмекақысына қарап отырады. Немесе әйелін жұмысқа тоғытып қойып өзі үйінде диванда жататын еркектер табылып жатады. Ол дегеніміз бытовой инвалид десек те болады ол адамдарды қазіргі кезде. Өз бетінше білім алуды, өз бетінше еңбек етуді көптеп балаға санасына осы кішкентай кезінен санасына сіңіретін болсақ, ондайға бара бермейді.

Яғни «Мемлекет маған міндетті» деген түсініктен арылып, әрбір азамат өз өмірінің, отбасының әл-ауқатына ең алдымен өзі жауапты екенін түсінуі керек.

Бөлісу